Қазақстанда ақылы автотұрақтың жырына қашан нүкте қойылады? Ауадан ақша жасап отырғандардың асығы қашанғы алшысынан түсе бермек? Иә, елдегі өзекті мәселенің бірі – ақылы автотұрақтар.
Әсіресе Алматы мен Астана сияқты мегаполистерде көше жиегі толған автотұрақ. Бірақ қала халқы көлігін қоятын жер таба алмай әбігерге түседі де жатады. Жекеменшік компаниялар монополия жасап, қалалардағы көлік тұрақтарын иеленіп алған. Халық ақы алғанымен ешқандай қызмет көрсетпейтін мұндай кәсіпорындарға ақша төлеуге қарсы. Ақылы тұрақтардың құны – бір сағатқа 100 теңге. Ал сіз 5-10 минутқа көлігіңізді қойсаңыз да сол соманы алады. Ал төлемей кетсеңіз 12 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайсыз. Оны автотұрақ компаниялары сот арқылы өндіріп алады. Былайша айтқанда, үкімет халықтың емес, жеке компанияның жағдайын жасап беріп отыр.
Қазір ақылы автотұрақ ақысы жеке компаниялар қалтасына кетіп жатыр. Ал, жүргізушілер төлеген әрбір жүз теңгенің 14 пайызы немесе 14 теңгесі ғана ел қазынасына түседі. Егер тұрақтағы көлігіңіз жырылып-сырылса, заттар ұрланса, басқа көлік келіп соғып кетсе, онда автотұрақтың иелері жауап бермейді. Сонда, еш жауапкершілік алмайтын компанияға халық не үшін ақша төлеуі тиіс деген сұрақ туады? Иә, бұл мәселеде қарамақ-қайшылық көп. Ал алдағы наурыздан бастап күшіне енетін заңға сенсек, халыққа айтарлықтай тиімді болмақ. Оны уақыт көрсете жатар.
Бұл мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілді. Депутаттардың талқысына түскен мәселенің мән-жайы қалай болмақ? Алдағы наурыз айынан бастап не өзгереді? Бұл туралы халық қалаулылары не дейді?
Фото: bairak.kz коллаж