Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ

Талғар қаласындағы «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақша күрестен республикалық турнир ұйымдастырылды. Жарыста еліміздің облыстары мен Алматы қаласынан және аудандардан келген білекті жас спортшылар бақ сынасты.

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмір белестеріне шолу жасады. «ХХІ ғасырдың құрдасымын» дейтін ақынның жырлары оқырман жүрегінде жатталып, елімен бірге жасап келе жатқандығын атай келе, Хантәңірінен қуат алған мұзбалақ ақынның туған күніне орайластырылған жарысқа қатысушы жастарға ыстық лебізін білдірді.

Сондай-ақ, бас төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапар Рауанов, жарысты ұйымдастырушылар Бекжан Үмбетбаев пен Нарынқол аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Ақыловтар қазақ күресінің жас палуандарына ақ жол тіледі. Боз кілем үстіндегі жасөспірімдер арасындағы жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті.

9 салмақ дәрежесінде 5 облыстан келген 300-ге жуық спортшының арасында жалпы командалық есеп бойынша 1 – орынды  Жамбыл облысының, 2 – орынды Алматы облысының спортшылары жеңіп алса, 3 – орынды Алматы қаласынан келген палуандар иеленді. Жарыс жеңімпаздары арнайы кубоктармен және Мақтау грамоталарымен марапатталды.

Меруерт КУЛШАНОВА,
Оқушылар сарайының көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі
Талдықорған қаласы

Сәйкес жаңалықтар

#САЙЛАУ2023

bairakkz

Ұлы Отан соғысының ардагері дауыс берді

bairakkz

«Келбеті өзгеше, келешегі нұрлы»

bairakkz