Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкерлері

     Қабден Байдосов. Күш атасы Қажымұқаннан кейін еркін күрестен алаш жұртының абыройын асырған белді балуандарымыздың бірі. Сонау хан Абылайдың заманында «Күлдір-күлдір кісінетіп…» жырымен барша қазақтың рухын асқақтатқан атақты Ақтамберді жыраудың ұрпағы.

Қабденов ағамен талай жерде бірге болдық. Талай мәрте сұхбат құрдық. Қашан көрсең де қарапайым, көп сөзге жоқ, сабырлы қалпынан айнымайтын кісі еді. Неге екені белгісіз, аға алғаш жолыққан күннен бастап мені туғанындай жақын тартты. Әсіресе, «Қазақ балуандары» жинағын қолға алған 90-шы жылдардың ортасында осы кітапқа қажетті материалдар жинау кезінде қолдан келген жәрдемін аяған жоқ.
Кей-кейде Қабден ағаның әлдебір сыр бүккен, ой тұнған жанары көз алдыма келеді. Қазір ойлап отырсам, біз ол кезде жастықтың әсерімен ағаның жұмбақ көзқарасының сырын білуге асықпаған екенбіз. Қабден аға, бәлкім, іштегі сырын бізге ақтарғысы келген шығар. Ал біз болсақ, спорттың асау өзендей арқыраған ағысымен жарыса зыр қағып жүрдік. Бір күні Байдосов көз жұмды, деген оқыс хабар жанымызды осып өтті. Сөйтіп, әлі ақсақал жасына жете қоймаған Қабденмен бірге қазаққа қымбат талай тарих,талай дерек бұйырмай кете барды.
Иә, біздің Байдосов туралы білетініміз тақ-тұқ дүние. Ағаның өз аузынан естіген біраз тарих бар. Бірақ сол дүниенің ішкі иірімі, қатпар-қатпар қалтарыстары хатқа түспепті. Мысалы, Байдосов бірнеше жыл Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болған кездегі құраманың ішкі жай-күйі, ол кісінің Әбілсейіт Айхановтан бастап Рамазан Нұрмановқа дейінгі балуандарға берген бағасы, әр балуанды талдап, жіліктеп жасаған сараптамасы қолымызда жоқ. Совет одағының чемпионы атанған бірінші қазақ балуаны Амангелді Ғабсаттаров табаны күректей бес жыл одақ құрамасында жүрсе де, небары екі-ақ рет халықаралық сынға түскені жайлы Қабден ағаның өз аузынан неге жазып алмадық. Аты аңызға айналған Әбілсейіт Айханов туралы Қабден Байдосовтың талдамалы жазбасын неге алып қалмадық?! Байдосов жайлы досым Бақтияр Тайжан жазған деректі дүниеден басқа салмақты материал қолға түсе қоймады. Ал өз басынан өткен басқа деректердің иі қанбай тұрғаны ол кісіні мазаламады дейсіз бе? Мүмкін, аға жанарындағы жұмбақтың шешуі осы сұрақтарға орайлас шығар…
Қабден Рахманқұлұлы тумысынан намысқой еді. Жұдырықтай бала соғыс тауқыметін үлкендермен бірге көрді. Ересектерден қалыспай, шалғымен шөп шапты, қамбаға өгіз арбамен бидай тасыды. Сегізінші класқа көшкен жылы досы Керімхан екеуін шөп маялаушыларға қосты. Бес-алты дәу жігіт күні ұзаққа алты мая үйсе, көкөрім Қабден мен Керімхан ересектермен жарыса алты маяны тұрғызып тастайтын.Сонда ауылдастары екеуіне таң қалысатын.
Алматы дене шынықтыру институтының шаңғы факультетіне оқуға түскен Қабден Байдосов 1955 жылы Петр Филиппович Матущактың қол астына – еркін күреске ауысты. 1957 жылы Петр Матущак бастаған Қазақстан құрамасы Мәскеуде «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігіне қатысты. Бұл қазақ балуандарының алғашқы ірі жарысы еді. Қазақстан құрамасы осы сынға тәжірибе ұштап, шыңдалу үшін барған болатын.
Қабден Байдосов 62 келіде күш сынасатын еді. Жаттығуға кіріскені сол еді, жақын тұрған екі балуанның әңгімесі намысына шоқ боп тиді. «Бірінші кезекте кіммен шығасың?» деп сұрады бір жігіт екіншісінен. «Қайдағы бір қазақпен, — деді екінші балуан шіренген күйі. — Оны таза жығамын. Себебі, қазақтар еркін күресті білмейді». Оны екіншісі қостады: «Сенен кейін оны мен жеңсем, қазақ үйіне құр қол қайтады…»
Петр Матущак «естідің бе?» дегендей, шәкіртіне қарады. Тұла бойын намыс буған Қабден үнсіз ғана күлімсіреді.Бұған шекеден қараған армян жігіті, КСРО спорт шебері Испарян қараторы қазақтан оңбай жығылды. Матущак шәкіртінің қолын қысқан сәтте Қабден ұстазының құлағына: «Оларға «қайдағы бір қазақты» көрсетемін», деп сыбырлап үлгерді.
Бұдан кейін Байдосов Олимпиаданың күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, бакулік Рашид Мамедбековты таза жеңді. Бірінші разрядты балуанның КСРО чемпионатының бес мәрте күміс медалінің иесі әрі Олимпиада жүлдегерін алып ұрғаны осы біріншіліктегі нағыз сенсация болды.
Чемпионат барысында төрт спорт шеберін, бірнеше бірінші разрядты балуанды жеңген Қабден «Буревестник» ерікті спорт қоғамы одақтық чемпионатының жеңімпазы әрі Қазақстан балуандарынан бірінші болып «КСРО спорт шебері» атанды. Күреске қатысқанына бір жарым жыл жаңа толған Байдосов осылайша айды аспанға бір-ақ шығарды.
Реті келгенде республика күресіне зор еңбек сіңірген Петр Матущактың сөзін келтірейік: «Біз бақытты едік. Бұл жеңіс — Қазақстанда еркін күрес дамуының бастамасы еді. Қабден Байдосов — Орталық Азия мен Қазақстанның және «Буревестник» қоғамы Орталық кеңесінің алғашқы чемпионы, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алған бірінші еркін күрес маманы».
Сөйтіп, Байдосов қазақ балуандарынан бірінші болып Кеңес одағының құрамасына енді. Қабден балуан Кеңес одағы құрамасындағы ең күшті балуанның бірі болды. Ол әлем чемпионы, одақтың бірнеше дүркін чемпионы Владимир Рубашвилимен үш мәрте белдесіп, екеуінде ұтып, бір рет тең түсті. Бірақ одақ бапкерлері өз салмағында талассыз мойны озық тұрған Байдосовты дәл әлем чемпионатына аттанар сәтте «Алматыға емтиханыңа бар», деп еріксіз елге жібереді. Осындай әділетсіздіктің талайын басынан кешірген Қабден Рахманқұлұлы 26 жасында балуандықты доғарып, бапкерлік кәсіпке ауысады.
«Қабден жаттықтырушылық жұмысқа керемет құлшыныспен кірісті, — дейді КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущак. – Сол кезеңде бапкерліктің қыр-сырын Байдосовтан артық білетін маман жоқ еді. Ол құраманың аға жаттықтырушысы қызметіне қызыққан жоқ. Есесіне, еркін күрестің жаңа техникалық элементтерін іздеді, жаттықтырушылық жұмысын шығармашылық ізденіспен ұштастырды. Қабден Рахманқұлұлы үздіксіз ізденіс үстіндегі жаттықтырушының ғана жастарды баптауға хақысы бар екенін жан жүрегімен түсінді. Осы жолда бар бейнетке төзді. Ерен еңбектің арқасында ол күрес саласындағы ірі тұлғаға айналды».
Байдосовтың келуімен ұлттық құраманың шығармашылық қуаты артып, балуандардың техникалық-тактикалық мүмкіндіктері өсе түсті. Қабденнің көмегімен талай балуан өзінің ұтымды күресін, оңтайлы әдісін тапты. Байдосовтың білім-білігіне риза болған балуандар жаттығуға құлшына кірісетін. Ол спортшыларды жалықтырмау үшін тың жаттығулар мен жаңа ойын түрлерін ойлап тапты. Ал әдіс-тәсілдерді пысықтап, талдаған кезде белгілі балуандардың сәтті қимылдарын мысалға келтіретін. Яғни, Байдосов кілемдегі тер төгу кезінде күрес пен осы салаға қатысты тартымды оқиғаларды шебер ұштастырып отырған. 1962-1971 жылдарда Байдосов ұлттық құраманың екінші жаттықтырушысы, республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға бапкері болды. Күрестегі белді мамандарының айтуынша, бас жаттықтырушы Петр Матущактың тұсында жаттығу процесіне негізінен Қабден Рахманқұлұлы жауап беріпті. Яғни, бас жаттықтырушы Матущак Байдосовқа толық сенген. Ал 1971 жылдың күзінде Петр Матущак бас жаттықтырушы қызметінен өз еркімен босағанда құраманың тізгіні Қабден Байдосовтың қолына тиді. Ол бұл қызметті 1974 жылға дейін атқарды.
Енді Қазақстанның еркін күрес балуандарының 1962-1975 жылдардағы басты нәтижелеріне қысқаша тоқталып көрейік: КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпаздары: Әбілсейіт Айханов(1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971). КСРО чемпиондары: Амангелді Ғабсаттаров(1962), Әбілсейіт Айханов(1963), Алексей Семкин (1963), Петр Суриков (1971), Аманжол Бұғыбаев (1973), Федор Баумбах (1974), Александр Иванов (1974).
КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегерлері: Г.Мұсаев, Р.Нұрманов, А. Иванов. КСРО чемпионатының жүлдегерлері: Ә. Айханов, А.Бұғыбаев(екі рет), С. Әбдікәрімов, А. Иванов (үш рет), С. Мұқашев, А. Мыцик, П. Суриков (екі рет), Ф. Баумбах, Р.Нұрманов, А. Поляков. П. Суриков 1973 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1975 жылы құрылық чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Осы жылы Ф. Баумбах Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Аз ғана уақыт ішінде Еуропаның бір, Кеңес одағының жеті чемпионын, КСРО спартакиадасының үш жеңімпазын және ондаған жүлдегерлерді баптаған жаттықтырушылар алқасының ерен еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Өкінішке қарай, Мәскеудегі спорт басшылары біздің бірде-бір балуанымызды әлем чемпионатына жіберген жоқ. Қазақ спортшылары Еуропа чемпионатына да бара алмады. Ақиқатына жүгінсек, Айханов, Ғабсаттаров, Бұғыбаев, Суриковтар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен қатар тұратын саңлақтар. Бір ғана Айхановтың өзі қаншама Олимпиада және әлем чемпиондарын тізе бүктірді. Ал Ғабсаттаров әлемнің бес дүркін чемпионы Әли Әлиевпен төрт рет тең түсті. Бұл азаматтар төрешілер тарапынан талай рет әділетсіздікке ұшырады. Әйтпесе, сол тұстағы дүние жүзіндегі ең тегеурінді күрес державасын бірнеше мәрте ұтатын деңгейдегі балуандар еді.
1974 жылы КСРО Спорт комитеті Қабден Байдосовты одақтағы ең үздік күрес маманының бірі ретінде Кубаға жіберді. Байдосовтың Бостандық аралындағы еңбегі жемісті болды. Бірде Байдосов білекті сыбанып, балуандарды баптап жатқан кезде жаттығу залына Куба басшысы Фидель Кастро кіріп келеді. Қазақ бапкерінің қара терге малшынып спортшылардың арасында жүргені Фидель Кастроға қатты әсер етеді. «Мына кісі өз ісіне шын берілген, нағыз кәсіби маман екен, — дейді Кастро көпшіліктің алдында. – Жаттықтырушыларымыз дәл осылай тер төксе, бізден де мықты балуандар шығады». Иә, Байдосов бұған дейін ешкім мойындамаған Куба күресін жаңа белеске көтерді. Ұзамай осы елдің қос балуаны – Барбаро Морган мен Луис Окана Кубаның балуандық тарихында бірінші болып әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Тағы бір құнды дерек: П. Матущак пен Қ. Байдосов қамшының сабындай қысқа мерзімде жеті бірдей КСРО чемпионын баптаса, бұл екі маман құрамадан алыстаған 1976-1991 жылдарда бір ғана Мұсан Абдул-Муслимов 1979 жылы Кеңес одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы әрі одақ чемпионы атанды. Осыдан-ақ Қабден ағалардың бапкерлік білігін бағамдай беріңіз. Ал 76-дан 92-жылға дейін үш-ақ қазақ балуаны: Мәлік Нәдірбеков одақ чемпионатында, Серік Алшынбаев пен Мәулен Мамыров КСРО халықтарының спартакиадасында жүлдеге ие болды. Бұл — алпысыншы жылдардағыдай емес, жер-жерде спорт мектептері көптеп ашылған кездегі жағдай.
1980 жылы Мәскеу олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіровтың секунданты Қабден Байдосов болды. Одақ пен Қазақстан спортының басшылары аса жауапты сәтте Жақсылықтың қасына Байдосовты қосуы тегін емес. Басшылар Қабден ағаның небір қысталаңнан сүрінбей өткен сұңғыла маман екенін білгендіктен, Жақсылықты оған сеніп тапсырды. Байдосов сенім үдесінен шыға білді.
Қыдырбек Рысбек.
«Жас Алаш», 16.11.2017

Сәйкес жаңалықтар

Қанға – қан, жанға – жан!

bairakkz

ҚАТАРЫНАН ЕКІ ІРІ ЖЕҢІЛІС

bairakkz

Выборы 2023

bairakkz

Пікір жазу