Танымал әнші, қобызшы Ақерке Бүркітбай күйеуі Әли Оқапов «Құрмет» орденін аламын деп көпшіліктің сынына ұшыраған сәтін еске алды, деп хабарлайды bairak.kz.
Ақерке журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында жарының күйзелістен басын көтере алмай қалғанын айтты.
Өнер иесінің сөзінше, бұл күтпеген жаңалық болған. Жұлдызды отбасы тіпті марапат табысталатын күні де бұл жаңалық туралы білмеген. Сондықтан халықтың сыны ауыр тиген.
Аяқ астынан, күтпеген жағдай болды. Әлидің басына кенеттен түскен сынақ секілді көрінді. Әли анамыз туралы фильм түсіруге дайындалып жүрген. Сол күні таңертең оны кездесуге шақырды. Әлидің бар ойы киноны көпшілікке жеткізу еді. Бүкіл қажетті заттың бәрін алып, презентация жасауға кетті. Сол күні де үмітін арқалап, кино қолдау тауып қалар деп шығарып салдық. Өйткені ондай фильмге көп қаражат керек. Бірер сағаттан соң хабарласып: «Маған «Құрмет» орденін берді» деп айтты. Қуандым. Бірақ күтпеген жаңалық болды. Оның атқарып жатқан еңбегін, ұйқысыз түндерін көпшілік біле бермейді, себебі Әли жұмысын желіге сала бермейді. Ал көпшілік тек желідегі жұмысты ғана бағалайтын күйге жеттік. Ал мен оны лайықты деп білдім, басқаша болуы мүмкін екенін ойламаппын да. Сол қуанышымызды бөлісу үшін, Тимур, сіздің үйіңізге бардық. Сол жерде мен оны фотоға түсірдім. Әли «желіге салайын ба?» деп сұрады. Мен «сала бер, лайықсың!» дедім. Ертеңіне дау басталып кетті. Өзіміз де қорқып кеттік. Кореяда осындай шудан көп әртіс өздеріне қол жұмсап жатыр, – деді әнші.
Ақерке жарының денсаулығы үшін қатты уайымдағанын да жасырмады.
Әлидің сол кезде ішінде қандай арпалыс болғанын біз сырттай көрдік. Қолымыздан келгенше, жанында болып, қолдауға тырыстық. Тіпті, дұрыс қолдап жатырмын ба, артық ештеңе айтып қоймадым ба, қолдаймын деп әсіре сілтеп жібермедім бе деп те ойладым. Өте қиын кезең болды. Оны да жеңіл көретін адамдар болуы мүмкін. Оның ішінде анамыздың атына да өте ауыр сөздер келді. Халық әртісі болмаса да, ешбір ана өзінің баласы үшін ондай сөз естімеуі керек, – деді қобызшы.
Әнші бұл жайттың артында белгілі бір адамдардың тұрғандығын да жоққа шығармады.
Бұл жағдайға бір адамдардың да қатысы болуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені халық жауындай көрді. Сол оқиғадан кейін Әли бір апта нәр татпады, басын көтермеді. Көз алдымызда солып, өртеніп бара жатқандай болды. Анамыз үйіне шақырып, көңілімізді аулады. Ол кісі ештеңе болмағандай, шай-тамағын дайындап, Зейінді бақты. Аналық махаббатын сездіріп, қолдау білдірді. Ананың махаббаты, қолдауы деген құдіреттің қандай екенін сол кезде тағы бір рет көрдік, – деді әнші.