Көркем гимнастикадан екі Олимпиадаға қатысқан Әлия Юсупова еліміздің гимнастика федерациясына төрт жылдық мерзімге қайта сайланды, деп хабарлайды bairak.kz.
ҰОК мәліметінше, федерацияның Алматыда өткен кезекті басқосуында ұйым басшысы сайланып, делегаттар дауыс берді.
«Өткен маусым барлығымыз үшін сәтті болды. Біздің спортшылар спорттық, көркем және батуттағы гимнастикадан Олимпиадаға қатысты. Азия ойындары, Азия чемпионаттарында және әлем чемпионаттарында барлық дисциплиналар бойынша спортшыларымыз медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Нариман Құрбановтың 2024 жылғы Олимпиадада алған тарихи күмісін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанда гимнастиканы дамыту – бұл осы спорт түрімен айналысатын әрбір адамның еңбегі. Біз спорт түрлерін одан әрі күшейтіп, оның халықаралық аренадағы орнын нығайта түсіп, бүкіл ел бойынша миллиондаған адамды шабыттандырамыз. Сенім білдіргендеріңіз үшін рақмет, біз бірге жаңа жетістіктерге жетіп, гимнастиканы бұдан да танымал спорт түріне айналдыра аламыз», — деді Юсупова.
Сондай-ақ, ол спорттық акробатика мен аэробикан да Азия құрлығында және әлемдік жарыстарда үздік нәтиже тіркелгенін атады. Сонымен бірге, еліміздің төрешілері Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG) және Азия гимнастика одағы (AGU) комитеттерінің құрамына енгенін жеткізді.
Әлия Юсупова 2021 жылы Қазақстан гимнастика федерациясының президенті қызметіне келген еді. Сондай-ақ, ол көркем гимнастика ойынша ұлттық құраманың бас бапкерлік міндетін атқарды.