Кеше Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия ойындарында ядро серпуден қазақстандық атлет Иван Иванов чемпион атанды.
25 жастағы Алматы облысының тумасының Ашхабадтағы ең жоғары көрсеткіші 19,60 метр болды. Бұл нәтижесінің арқасында Иван Қазақстан қоржынына екінші алтынды сыйлады. Жерлесіміз 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Теджиндер Синхты басып озды. Үндістандық атлет Ашхабадта 19,26 метрден әрі асыра алмады. Үшінші орын Оңтүстік Кореядан келген спортшыға бұйырды.
Айтпақшы, 2017 жылғы Азия чемпионы Али Самари бұл жолы бесінші орынға тұрақтады.
Бұл Иван Ивановтың осы маусымдағы халықаралық аренадағы екінші жүлдесі. Бұған дейін шілде айында Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионатында қола медальға қол жеткізген болатын.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан жеңіл атлеттері Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындарында 4 медаль жеңіп алды. Ивановтан бөлек, әйелдер арасында ұзындыққа секіруден Ольга Рыпакова және ерлер арасында сырықпен секіруші Григорьев чемпион атанды. Сондай-ақ 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Анастасия Виногродованың еншісінде қола жүлде бар.
Жабық кешендегі Азия ойындары. Ашхабад, Түркіменстан.
Жеңіл атлетика. Ядро серпу, ерлер. Финал
1. Иван Иванов (Қазақстан) – 19,60 метр
2. Сингх Тоор (Үндістан) – 19,26 метр
3. Джун Ильву (Оңтүстік Корея) – 19,24 метр