Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

БАҚЫТ ДЕГЕН – ӨМІР СҮРУ БІЛГЕНГЕ

 Ешкім Тәңірден бір мүшесінің кем болғанын тілеп алмайды. Адамдардың жарық дүниеге он екі мүшесі сау болып келмейтіні өкінішті-ақ. Бірі туабітті кем­тарлықпен дүниеге келсе, тосыннан келген дерт тағы біреудің жан қайғысына айналып жатады. Кейде сау адамдардың өзі өмірінде сәл сәтсіздіктер болса, тағдырына налып, өткеніне шүкіршілік етпей отырады. Басына түскен алуан түрлі қиындықтарды жеңген, тағдыры өзгелерге өнеге болатын жандар да жетерлік. Осыған орай, бүгінгі мақаламызда өмірге сау келгенімен қилы тағдырға жолығып, туабітті мүгедек болса да тасты жарып шыққан гүл секілді тағдырдың ауыр сынын жеңіп, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген жандардың өмірін жазуды мақсат тұттық. Жаңа айдарымызды «Тасжарған» деп қойғанымның да сыры осында. Олай болса, дүбірлі додаларда Алаштың абыройын асқақтатып жүрген Раушан ҚОЙШЫБАЕВАНЫҢ сөзіне құлақ ассақ.

Мен 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Әкем Зауытбай «Локомотив» депосында машинист болып, анам Балымжан нан зауытында жұмыс істеп, он баланы бағып-қақты. Мен жетіншісімін. Бірімізді-біріміз жетелеп өскеннен кейін бе, бала күннен зерек болдым. Былдырлаған балдырған шағымда-ақ білім нәрімен сусындап, тезірек өсіп, оқуға барсам деп армандадым. Сөйтіп алты жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Оқушы кезімде спортты жаныма серік еттім. Түрлі үйірмелерге қатысып, күнде стадионда жүгіретінмін. Мектепті тамамдаған соң тігінші болып жұмыс істедім. Жеті жылдай фабрикада еңбек етіп, осы саланың маманы болдым. Алға қойған мақсатым мен арманым да жетерлік еді. Бірақ 1990 жылы ойламаған жерден теміржол апатына түсіп, екі аяқтан жүруден қалдым.    Жарық дүние есігін аман-есен ашып, бала күннен ел қатарлы өсіп, жалындаған жастық шағымда алға қойған мақсаттарымды енді орындаймын дегенде екі аяқтан бірдей айырылып, қанатым қайырылып, кеудемді құр дауыл ұрып қалғандай болды. Әйтсе де мойымадым.

Бір күндік сәуледей ағып өтетін қысқа ғұмырда сары уайым түбіне батып, көз жасымды сарқа бергеннен аяқ өсіп шықпайды ғой. Жалғаннан күдер үзіп, отбасымды қайғыға салғаннан не табамын?! Бұл да Алланың берген сынағы болар деп, өмірдің ағысына қарсы жүздім. Ата-анам мен туған-туыстың қолдауының арқасында жігерленіп, сынақты еңсердім. Қазір ойланып отырсам, қиындықтарды жеңуге де қайсарлық керек екен. Бақыт деген білгенге өмір сүру ғой. Сондықтан жаным қиналғанда қасымнан табылатын адамдардың болғанына, Жаратқан жар болып, жер басып жүргеніме шүкір деймін.

Иә, Раушан Қойшыбаеваның қилы тағдырдың қиындығын жеңе білуі көпке үлгі. Ол сау адамдардың қатарына қосылды. Ал енді оның өмірлік серігін қалай жолықтырғанын, спортқа қалай келгендігін әпкеміздің өз аузынан ары қарай естиік.

 – Алматыға барып, протез салдырып жүргенімде күйеуім Бауыржанмен таныстым. Ол да өзім секілді ем іздеп келген екен. Ақ халатты абзал жандардың арқасында, таяққа сүйенбей тік жүретін күнге жеттік. Сөйтіп екеуміз біраз уақыт араласып жүріп, отбасын құрдық. Бір-бірімізге дем беріп, болашаққа шаттықпен қадам бастық. Тәубе, қазір үш қыздың анасымын. 2004 жылы тұңғышым Назерке дүниеге келді. Олардың ізін Дәния мен Алуа жалғады. Қыздарым – қолқанатым. Жаттығудан шаршап келгенде бір жағыма шығысып, үй шаруасын тындырып қояды. Үшінші қызым спортқа жақын. «Сіздің жолыңызды қуып ауыр атлетикаға барамын», – дейді. Зілтемір көтеруге жасы келмесе де кейде жаттығуларыма апарып тұрамын.

Біз 2010 жылға дейін Қызылордада тұрдық. Одан кейін Алматы облысына көшіп келдік. Шонжыға алғаш келген күннен-ақ күйеуімді спорт мектебіне шақырды. Мен де бардым. Арбада отырған 2-3 адам жаттығып жүр екен. Көзіме оттай басылған зілтемірді көріп, пауэрлифтингпен айналысам деп шештім. Сол күннен бастап жан дүниемді баурап алған спорт деген сиқырлы өнер жаттығудан қалдырмай, ерекше құлшыныс сыйлады. Өзім қатты құмартқан спорт күн өткен сайын шымырлаған тұңғиығына тарта берді. 2011 жылы Талдықорғанда өткен қалалық турнирге қатыстым. Алғашқы жарысымда-ақ тұғырдың бірінші сатысына көтеріліп, Мақтау қағазын алғаным әлі есімде. Жеңіс – спортқа деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Уақыт өте келе Қазақстанда өткен түрлі чемпионаттарда топ жардым. 2012 жылы Қазақстанның спорт шебері атағы берілді. 2013 жылы Халықаралық спорт шебері атағына қол жеткіздім.

Ауданда дайындалып жүрдім. Бірақ Алаштың абыройын қорғайтын спортшы болу үшін мықты жаттықтырушы керек. Солардың бірі абырой-беделге мехнатты еңбекпен жеткен Денис Орлов деген бапкердің тобына кіру арманым болды. Ол кісінің тобына кіру үшін маған біраз тер төгу керек еді. 2014 жылы алғаш шетелге барып, Дубайда өткен Әлем біріншілігінде 13-орынға тұрақтадым. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореяда өткен ХVII Азия ойындарында тұғырдың 6-шы сатысынан көріндім. Сол уақытта жарысқа дайындықсыз барғаныма қатты өкіндім.

2015 жылы алғаш рет  Алматыда Азия чемпионатына дайындалып жүргенімде «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерлан Бақтыбаевқа жолығып, жаттығуымды күшейтіп, өзім армандаған бапкердің тобына кіргім келетінін айттым. Ол кісі бірден келісімін бергенде қуанышым қойныма сыймады. Сөйтіп жұмысты бастап кеттік. Жаттығудағы қажырлы еңбек өз нәтижесін берді.  2015 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында  өткен байрақты бәсекеде 2 күміс медальді мойныма тақтым. 2016 жылы Олимпиадаға жіберілетін ойындар Малайзия мен Дубайда қатар өтті.  Лицензиялық ойында екі елден қола жүлдені жеңіп алдым.

Параолимпиядаға дайындық көктемнен басталды. Бұрындары мен ауылда болғанда қашықтықтан жаттығу болатын. Яғни,  жаттығуларымды ұялы телефонға түсіріп, бапкеріме жіберіп отырдым. Ол әр күнімді қарап бақылап, нұсқаулар беріп отыратын. Бірақ бұлай дұрыс болмай шықты. Қасында болмасаң дайындықта нәтиже болмайтын еді. Көктемнен күзге дейін Текеліде шынықтық. Осы кездерде дайындығым өте жоғары деңгейде болды.  Жетістігімнің барлығы Елбасымыздың, спорт басшыларының қамқорлығы деп ойлаймын. Рио-де-Жанейро қаласына аттанар кезде бізді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, ақ жол тілеп шығарып салды. Сол кездесу  бізге үлкен жігер берді. Бірінші рет «дөңгелек үстелде» Елбасымызбен бірге отырып, баяндама оқыдым. Ел алдында сөз алып жүлдемен ораламын деп уәде бергеннен кейін жақсы жетістіктерге жету басты мақсатым болды. Параолимпиадада барымды салып, 67 келі салмақ дәрежесінде 113 келі зілтемірді бағындырып, күміспен күптелдім. Көк байрағымызды көкте желбіреткенім үшін қатты қуандым. Жарыстан соң мені елім құшақ жая қарсы алды. Дүйім жұрттың қошеметін көргенде көзіме жас алдым. Қалың елім қазағым сый-сияпатын да аямады. Облыс әкімі Амандық Баталов арнайы шақыртып, автокөлік мінгізіп, қаржылай сыйлық табыстап, «Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Елбасымыздың қолынан Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Құрмет» орденін алдым. Бұл – еңбегімнің жемісі. 2018 жылдың қыркүйек айында Жапонияда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Арасына ай салмай Азия ойындарынан тағы күміс медальді олжаладым. Әр жарыстан жеңген сайын санама ел үмітін ақтадым ба деген ой келді. Бірақ алда талай ұлт намысын қорғайтын дүбірлі дода, мен аспаған мұзарт шың бар.

Бұл Раушан Қойшыбаеваның спорттағы жеңісі. Әйтсе де, спорт деген қызығы мен қиындығы қатар жүретін жолда сан алуан оқиғаларды бастан өткересің. Олай болса, қайсар қыздың тағы қандай ерлігі мен арманы барын оқиық.

Сырқатым сыр беріп, ауруым асқынған кездер көп болды. Тіпті, 1 жылдай төсек тартып жатып қалдым. Протез кие алмай, денемді жара басып, терімнің іші суланып, жүріп-тұрудың өзі мұңға айналды. Қаралмаған дәрігер, жақпаған дәрім қалмады. Сол сәтте санама сан түрлі ой келді. Неге мен жатып қалуым керек? Бүгінге дейін қаншама қиындықты жеңдім, енді жемісін жеймін дегенде жатып қалғаным жарамас. Біреуге масыл болуға хақым жоқ деп бар күшімді жинап, орнымнан тұрдым. Жаттығу залындағы толассыз қимылдың арқасында жазылып, спортқа қайта оралдым. Міне, сол күннен бастап кез келген сырқатқа бой алдырмауға тырысамын. Және қоғамда төрт қабырғада отырған мүмкіндігі шектеулі қаракөздерімізге алға қарай қадам жасау қажет, қимыл-қозғалыс, спорт арқылы барлығын жеңіп шығуға болатынын ұдайы айтып келемін. Көшеде кемістігі бар адамдарды көрсем әрдайым салауатты өмір салтын ұстан деп жаттығу залына шақырамын.

Айта кетейін, көгілдір экраннан жиі көрсетпегенмен Олимпиада ойыншылары сияқты бізге де жоғары деңгейде қарайды. Массажистердің,  дәрігерлердің көмегі көп тиеді. Себебі, бізге екі есе қиын.  Алыс жолға шыққанда протезбен жүру оңай шаруа емес. Арбадағыларға тіптен мұң. Бірақ қиындықтардың барлығын жеңіп, өмірге күліп қарау керек. Өйткені, бақыт – жер басып жүргенің. Алда жоспарым көп. Соның бірі 2019 жылдың шілде айында Астанада өтетін Әлем кубогында топ жарып, елімнің үмітін ақтау.

ТҮЙІН: Жебір ой жігерін жаншып, тынысын тұйық тұман тарылтса да, ол өмірден күдер үзбеді. Керісінше, тағдырдың басына салған қиындығымен, санасын сарылтқан сары уайыммен күресті. Соның арқасында арманы орындалып, асқақ сезім сыйлады. Қазақтың қайсар қызының жетістігі ерлікпен пара-пар. Өйткені ол тек өз қайғысын ғана жеңіп қойған жоқ, өзгелерді өмірге құлшындырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа бастады. Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатты. Олай болса жүрегі Алаш деп соққан, ерлігі көпке үлгі қазақ қызына жеңісті күндеріңіз көп болсын демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Сәйкес жаңалықтар

Хорватия көш бастады

bairakkz

Фируза Шарипова, Әли Ахмедов және өзге де боксшылар Алматыда ашық жаттығу өткізді

Ришат

САМБОШЫЛАР ЕРЛЕДІ

bairakkz