Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Астананың іргесіндегі Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласымен танысты, деп хабарлайды bairak.kz.
Бектеновтің айтуынша, Қосшы қаласында салынып жатқа өрт сөндіру депосының құрылысы қолға алынғанына 4 жыл болған. Алайда жұмыстың тек 60%-ы аяқталған.
Мердігер ұйым нысанды салып бітуге қаржы жетпей тұр деп тұжырымдайды.
Шарт бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған нысан құрылысына 1,2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Олжас Бектенов қосымша қаржы қарастырылмайтынын, қаражат тек ЖСҚ-ға енгізілген сома шегіндебөлінетінін айқан.
«Премьер-министр мердігерлік ұйымнан жақын арада жұмыстарды аяқтауды талап етті, орындалмаған жағдайда шарт бұзылады», – делінген үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ 537 үлескердің, оның ішінде «Сирень бағы» тұрғын үй кешенінің көпжылдық мәселесін шешу туралы баяндалды. Жаңа мердігер қала күніне орай 106 тұрғынға баспана кілті табысталады деп уәде беріп отыр, тағы 209 отбасы жақын арада көптен күткен жаңа үйлеріне қоныстанады. Өз кезегінде, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Қазіргі уақытта қалада ресми түрде 59 мыңға жуық адам тұрады, бұл ретте бағалау деректері бойынша тұрғындардың нақты саны 100 мыңнан астам адамды құрайды. 30 мың тұрғынға есептелген инженерлік желілерге айтарлықтай үлкен жүктеме түсуде. Болжам бойынша, халық саны 2038 жылға қарай 150 мыңға дейін өседі.
Фото: Үкімет