Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

«БЕСАРЫСТЫҢ» БЕЛЕСІ

            Спорт – әлем төрінде абыройымызды асқақтататын сиқырлы өнер. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнердің арқасында байрақты бәсекелерде Көк Туымыз желбірейді. Бүгінде өңірімізде ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар жетерлік. Он екі жылдың ішінде әлемді мойындатқан, облысымыздағы индор мен көгалдағы хоккейшілердің бағындырған белесі тіптен ерек. Осыған орай біз Талдықорғандағы көгалдағы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып, спортшылардың жетістігін тарқатып беруді жөн көрдік.

Білікті бапкерлер мен жүректі спортшылардың ордасы 2007 жылы құрылды. №1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Н. Мамонов көгалдағы хоккей ұйымын дамыту мақсатында аталмыш мектептен кішігірім бөлім ашады. Ұлт намысын қорғайтын білекті спортшылар шығару үшін білікті бапкерлердің керегі анық. Жастардың томағасын сыпырып, дүбірлі додаларға дайындау үшін бапкерлік жолды Өзбекстаннан келген грек-рим күресінен спорт шебері Махмуд Омар мен жары, индор хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Тәжікстан, Өзбекстан ұлттық құрамасының ойыншысы болған Ольга Омарова қолға алады. Қазақстанға алғаш хоккейдің 2 таяғы, 2 шайбасымен келген Махмуд пен Ольга №15 мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, Махмуд облысымыздағы спорт мектебінде грек-рим күресінен бапкер болады. Мектепте ұстаз, күрестен бапкер бола жүріп олар көгалдағы хоккейшілерді дайындайды. Әуелі, қыздар командасын жасақтауға бел буған Махмуд пен Ольга спортқа икемі бар қаракөздерімізді дайындыққа шақырады. Алғашқы жаттығу мектептің алаңында өтті. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы болады емес пе? Талай шәкіртінің талантын ашып, тасын өрге домалатқан тарланбоздарға оқушыларды көкмайса емес, қара жер, тастың үстінде дайындауға тура келеді. Ол кезде алаң тұрмақ спорттық құрылғылар да жоқ. Барымен базар еді. Бапкерлер балаларды екі хоккей таяғы, екі доппен кезек-кезек жаттықтырды. Мұндай жағдайда мықты спортшы дайындап, жарысқа бару былай тұрсын, жаттығу жасаудың өзі қиынның-қиыны. Десе де, таланттыларды жазбай танитын бапкерлер талапты жастардың шебер­лігін ұштаудан шаршамады. Қуаныштысы, облысымыздың қаракөз қыздары спортқа қызығушылық танытып, жаттығуға көптеп келе бастады. Қос бапкердің жасып қалған арманы жасаң тартты. Өздеріне, болашақ жастарға сенді. Балалардың дайындығын көрген «Жетісу» стадионының бұрынғы директоры Маман мырза шағын рәзіңке алаңын пайдалануға берді.

Осыдан бастап қос бапкер облыстағы спорттың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, ат үстінде аламанға түскен, белдескеннің белін майыстырған кешегі батыр бабаларымыз сынды намысты спортшылар дайындауда аянбай тер төкті. Қайтсем де облыс спортын дамытам деп қызмет етті. Бұл арманы орындалды да. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сиқырлы өнерде балалардың тәрбиесіне барын салып, оның ішінде хоккей өнерінің әліппесін жаттатқан білікті бапкер талай шәкірттің шамшырағын жағып, индор мен көгалдағы хоккейдің кіл мықты саңлақтарын дайындады. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Индор мен көгалдағы хоккейшілерді дайындау жолында сан түрлі қиындықтар кездесті. Ең бастысы, жанкешті жат­тығулар өзінің жемісін жегізді. Қос бапкер ащы терін алып, аламанға қосқан қазақтың қара домалақ балалары көгалдағы хоккей көгінде жұлдыздай жарқырады. Бірнеше жылдың ішінде Гузаль Нұғманова, Әсел Мұқашова, Әсел Мұхамбетова, Айжан Булебаева сынды төрт қызымыз Азия чемпионы атағын жеңіп алады. Қазақтың қаракөз қыздарының спортқа деген құлшынысы мен  жеткен жетістіктерін көрген сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов 2011 жылы республика бойынша бірінші болып көгалдағы хоккей ойнайтын алаң салып, «Бесарыс» кәсіпқой клубын ашты. Барлық жағдай жасады. Ендігі мақсат – ерлер командасын құру еді. Махмуд грек-рим күресінен шығып, балалар мен жасөспірімдерді доп­ты хоккейге баулуға біржолата ден қойды. Көгалдағы және индор хоккейді дамытуды басты мақсат тұтқан бапкерлердің төккен тері тегін кетпеді. Әрине, екі спортта хоккей атанғанымен ережелері мүлдем бөлек. Көгалдағы хоккейде 11 ойыншы өнер көрсетсе, индор хоккейде 5 спортшы ойнайды. Алаңы да басқа. Десе де, Махмуд пен Ольганың қажырлы еңбегінің арқасында облысымыздың спортшылары көгалдағы және индор хоккейден 5 дүркін ел чемпионы атанады. 2017 жылы ерлер командасы индорхоккейден ашық Ресей чемпионатында қолаға қол созады. Сол жылдың қорытындысы бойынша халықаралық және республикалық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, кәсіпқой спорттық клубтар арасында үздік болып танылды. Сондай-ақ, Доха (Катар) қаласында өткен Азия чемпионатында күміс медальға ие болып, Әлем чемпионатына жолдама алады. Жүзге жуық команданың арасынан он екі жолдама ғана берілетін додада тарихта тұңғыш рет индорхоккейден ерлер және әйелдер құрамасы әлем біріншілігінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, 2017 жылдың желтоқсан айында өңіріміздегі барлық клубтарды жабады. Солармен бірге «Бесарыс» клубы да өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Бірақ клуб аз ғана уақыт ішінде қайта жанданады. Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылдың 28 желтоқсанындағы қаулысы бойынша, 2018 жылдың 25 қаңтарынан бастап «Көгалдағы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ ашылады. Әрі қарай хоккейшілеріміз шапқан аттай зулап, шашасына шаң жұқтырмай, талай дүрмекті бәсекелерде ел абыройын асқақтатады.

2018 жылы спортшылар Берлин қаласында ерлер арасында өткен Әлем чемпионатына қатысады. Сол жылы ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша МБЖСМ спортшылары 4 жас аралығында (жасөспірім ұлдар, қыздар, әйелдер және ерлер) қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағады. Наурыз айында Оман мемлекетінің Маскат қаласында өткен іріктеу турниріне жолдама алып, Индонезия мемлекетінің Джакарта қаласында ерлер мен әйелдер арасында өткен жазғы Азия ойындарында өнер көрсетеді. Желтоқсан айында Пәкістанның Лахор қаласында ерлер арасында өткен ашық Әлем лигасына қатысып, күміспен күптеледі. Биыл Тайланд мемлекетінде өткен Азия чемпионатында әйелдер командасы бірінші, ал ерлер командасы екінші орынға ие болып, 2021 жылы өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Қыркүйек айында Талдықорған қаласында өткен көгалдағы хоккейден ерлер арасында І  Орта Азия Кубогының иегерлері атанды. Сонымен қатар, төрт жылда бір болатын Қазақстан Республикасының V жазғы Спартакиадасында ерлер командасы 1-орынды, әйелдер командасы 2-орынды қанжығасына байлады. Ендігі мақсат – желтоқсан айында Оман мемлекетінде 20 жасқа дейінгі жастар арасында өтетін Азия кубогында топ жару.

Бүгінде ерлер ұлттық құрама командасының 70 пайызы, әйелдер құрамасының 80 пайызы облысымыздың спортшыларынан жасақталған. Аталмыш мектепте 9 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 33 спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер 20 бала жаттығады. Оларды екі ҚР еңбек сіңірген, жоғары санатты, бірінші, екінші санатты, жалпы саны 21 бапкер жаттықтырады.

Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті. Қос бапкерден түлеп ұшқан шәкірттер республикалық, облыстық бәсекеде орын алып, көбісі халықаралық дәрежеге дейін көтерілді. Жастайынан бәсекеде ысылған спортшылар талантымен көзге түсіп, үлкен додаларда атой салып жүр. Бота тірсек бозбалалардан нар жүгін арқалайтын нағыз майталмандар өсіп шықты. Сойы бөлек сол азаматтардың кейбірі тәрбиесін көрген тәлімгерлерінің ізін басты. Мәселен, Нұржан Бейбітов – индорхоккейден ҚР әйелдер құрамасының бас бапкері.

                  Иә, көгалдағы хоккейден мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Бұл – білікті бапкер мен «Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес маған керегі, Көк Тудың желбірегені» деп елі үшін жанын беретін спортшылардың еңбегі. Олай болса, аймағымызда ұлт абыройын асқақтататын хоккейшілердің қатары көбейіп,  еліміздің  байрағы көкте желбіресін демекпіз.   

                                                    Айдар ҚАЛИЕВ

Сәйкес жаңалықтар

АРМАН АШИМОВ ПЕН КРИСТИАН ГОРСИЯ САЛМАҚ ӨЛШЕУ РӘСІМІНЕН ӨТТІ

bairakkz

Қуаңшылық кезде Батысқа шөп жіберіп көмектескен Құрмет Талапқазы ел берген үйді сатып жіберген

bairakkz

«ТУР ЛАНГКАВИДЕ» ТОП ЖАРДЫ

bairakkz