Жоғары технологиялық медициналық көмекпен (ЖТМК) емдеуді қаржыландыру былтырғы жылмен салыстырғанда 11%-ға артты, деп хабарлайды bairak.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.
Жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) – бұл ғылыми технологияларды, диагностика мен емдеудің инновациялық және бірегей әдістерін қолдана отырып көрсетілетін медициналық көмек. Стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда ұсынылады.
Денсаулық сақтау субъектілерін таңдау, ЖТМК-ті бөлу мен орналастыруды республикалық комиссия жүзеге асырады. Талаптарға сәйкес, деректер қорына енгізілген медициналық ұйымдар қатыса алады.
Еске сала кетейік, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2017 жылдан бастап – денсаулық сақтау субъектілерінен ТМККК шеңберінде және 2020 жылдан бастап ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығымен бекітілген денсаулық сақтау субъектілерінен ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес).
ЖТМК бейіндері бойынша қаржыландыру
2020-2023 жылдар аралығында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге 227 млрд теңге бөлініп, 142,5 мың қызмет, оның ішінде МӘМС бойынша 191,7 млрд теңгеге 67,5 мың қызмет көрсетілді.
Бұл кезеңде жоғары технологиялық көмек көрсетілген топ-3 бағыт:
- кардиологиялық бейін – 71,6 млрд теңге сомаға (жалпы бөлінген қаражаттың 31%-ы) 10,5 мың қызмет (ЖТМК жалпы көрсетілген қызметтер санының 7%-ы);
- кардиохирургиялық бейін – 44,2 млрд теңге сомаға (19%) 12,4 мың қызмет (9%);
- нейрохирургиялық бейін – 39,4 млрд теңге сомаға (17%) 8,7 мың қызмет (6%).
2020 жылмен салыстырғанда 2023 жылы ЖТМК-тің көлемі мен қаражаты келесі бейіндер бойынша ұлғайды:
акушерлік және гинекология (ЭКҰ) – 7 есе;
ангиохирургия – 4,5 есе;
сәулелік терапия – 3,5 есе;
жалпы хирургия – 3 есе;
кардиохирургия, урология және андрология – 2,5 есе;
нейрохирургия – 2 есе;
травматология-ортопедия, кардиология, оториноларингология, гематология – 1,5 есе.
Жоғары технологиялар арқылы жасалған операциялардың мысалдары
Сәуір айында Алматыда омыртқаның дегенеративтік ауруларынан зардап шегетін пациенттерге алғаш рет жұлынға «ақылды» стимулятор орнатылды. Бір операцияның құны өте қымбат – шамамен 8,5 млн теңгені құрайды. Алайда пациенттерге МӘМС бойынша оларды тегін жасады.
Маңғыстау облысында қолқа-коронарлық шунттаудың шағын инвазивті әдісін енгізді. Яғни, операция кеудені терең тілмей, қабырға арасындағы кішкене тілік арқылы жасалады.
Павлодар облысында кардиологтар синтетикалық протезді қолданып қолқа доғасын протездеу жүргізуде. Егер МӘМС болмаса, науқасқа операцияның құны шамамен 9 млн теңгеге шығатын еді.
Бұндай мысалдарды еліміз бойынша көптеп келтіруге болады. Адам өмірін сақтауға көмектесетін озық емдеу әдістері әр өңірде енгізіліп жатыр.
ЖТМК жеткізушілері
2023 жылы 115 медициналық ұйым ЖТМК қызметтерін көрсетті. 2019 жылмен салыстырғанда олардың саны 1,7 есе ұлғайды (68 медициналық ұйым).
ЖТМК қызметін көрсететін медициналық ұйымдардың негізгі бөлігі (жалпы санының 48%-ы) республикалық маңызы бар қалалаларда орналасқан, оның ішінде:
Алматыда – 31 жеткізуші (27%);
Астанада – 15 жеткізуші (13%);
Шымкентте – 9 жеткізуші (8%).
Облыс орталықтарында 60 ЖТМК жеткізушілер бар (немесе жалпы санының 52%-ы). Олардың басым көпшілігі Қарағанды облысында (6%), Шығыс Қазақстан облысында (5%), Жамбыл облысында (5%) және Ақтөбе облысында (4%) орналасқан.
2023 жылы көрсетілген ЖТМК-тің жалпы санындағы 41 мың қызмет түрін (88%) республикалық маңызы бар қалалардағы медициналық ұйымдар көрсетті. Оның ішінде Астанада – 20 мың (көрсетілген қызметтердің жалпы санының 44%-ы) және Алматыда 19 мың (41%) қызмет түрі көрсетілді. Мұндай көрсеткіш томотерапиялық қызметтің осы аталған жерлерде көрсетілуіне байланысты болып отыр. Облыс орталықтарындағы жеткізушілер 6 мың (12%) қызмет түрін көрсеткен.
2024 жылы ЖТМК жеткізушілерінің саны 121-ге дейін (2023 жылмен салыстырғанда 5%-ға) артты.
2024 жылы ЖТМК-ке қаржы бөлу
2024 жылы ТМККК шеңберінде 26 мыңға жуық қызметке 15,2 млрд теңге бөлінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп (2023 жылы 26 мың қызмет үшін 13,8 млрд теңге бөлінді).
МӘМС шеңберінде ЖТМК-ке 2024 жылы 22 мың қызмет үшін 77,7 млрд теңге (4,7%-ға артқан) бөлінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,2%-ға артық (2023 жылы 21,5 мың қызмет үшін 68,6 млрд теңге бөлінді). Ол ішінара тарифтің өсуімен (базалық мөлшерлеменің өсуі) байланысты болып отыр.
ЖТМК-ке бөлінген қаражаттың (92,9 млрд теңге) 62,1 млрд теңгесі – 59 жеке денсаулық сақтау субъектілеріне және 30,8 млрд теңгесі 64 мемлекеттік мекемеге бөлінді.
Аймақтар арасында ЖТМК көрсетуге қаржының ең көп көлемі Алматы қаласының (6,96 млрд теңге), Астана қаласының (4,66 млрд теңге) және Жетісу облысының (2,97 млрд теңге) медициналық ұйымдарына бағытталды.
ЖТМК-ке бөлінген қаражаттың шамалы көлемі Шымкент қаласының (496,3 млн теңге), Жамбыл облысының (477,7 млн теңге), Қостанай облысының (434,9 млн теңге) және Солтүстік Қазақстан облысының (360,2 млн теңге) медициналық ұйымдарына берілді. Қаржыны осылай бөлу тұрғылықты халықтың тығыздығы, республикалық маңызы бар қалаларға жақын орналасуы (оларда ЖТМК-тің көп бөлігін орындайтын ғылыми орталықтар бар), сондай-ақ өңірдің денсаулық сақтау субъектілерінің ЖТМК-ті (кадрлық әлеуетінің, қажетті жабдықтың болуы) көрсетуге дайын болуы ықпал етті.
Фото: pixabay.com