Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Дүбірлі дода дүркіреп өтті

Қыркүйектің соңында грек-рим күресі мамандары мен жанкүйерлерінің назары Алматыға ауды. 22 жыл бойы Семей шаһарында өткізіліп келген Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған турнирді биыл оңтүстік астанада өткізу туралы шешім қабылданған.  

     Оған себеп те жоқ емес. 16 мемлекеттен кіл мықтылар келетін болған соң, инфрақұрылымы жағынан басқа қалалардан озық тұрған Алматыға таңдау жасалды. Оңтүстік Корея, Иран, Украина құрамалары сапындағы Олимпиада, әлем чемпиондары Қазақстанға келеді дегенді естіген күрес әлеміне қатысы бар деген жанның бәрі «Халық Аренаға» ағылған. Бейне бір амал күніне жиналғандай, арқа-жарқа болысып жатты жұрт. Сән-салтанаты келіскен сарайда тіпті тұсау кесуге де уақыт табылды. 2011 Қытайдың Шеңжең қаласында өткен жазғы Универсиадада Қазақстан құрамасының туын көтеріп барған дзюдошы Мереке Мұқатаевтың ұлы Ерқанат Жалынның тұсауын Дәулет Болатұлының өзі кесті. Жөн-жоралғы жасауда алдына жан салмайтын қазекем, тарту-таралғысын жасап, турнир көрігін қыздырып жатты.

Жарыс басталардан бір күн бұрын өткен баспасөз мәслихатында сөз алған Дәулет Тұрлыханов шетелдерден келген балуандардың өте мықты екеніне, соған қарамастан қазақстандық спортшыларға сенім артатынын жеткізген болатын. Турнир өте тартысты басталды. Кейбір мықтылардың жарыстан ерте шығып қалып жатқанын көз көрді. Осы орайда, шымшық сойса да, қасапшы сойсын дегендей, күрес мамандарының пікірлерін тыңдағымыз келді.

Назарымыз шығыстан келген ақсақалдарға ауған. КСРО мен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Семей қаласының құрметті азаматы Ром Ильматовтан сұхбат алуға асықтық. Ром Хасанұлы Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жаттықтырушысы екенін біреу білсе, біреу білмес. Ардагер жаттықтырушының турнир туралы пікірін білгіміз келді.

«Өздеріңіз білетіндей Дәулеттің әкесі Болат Тұрлыханұлына арналған турнир биыл 23-нші рет өтіп жатыр. Семейліктер 22 рет өткізді. Турнирдің деңгейіне таң қалып отырмыз. Спорт кешені – ғаламат! Сосын бір айта кетерлігі,  қатысушы елдердің құрамы өте мықты екен. Бұл сөзсіз жарыс беделінің жоғары екенін көрсетіп тұр. Біздің құрама аса мықты деп айта алмаймын, алайда болашақта өзін жақсы қырынан танытатын балуандарды көзіміз көріп отыр. Төрешілер өз істерін абыроймен атқарып жүр. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Қонақтар да көп келіп жатыр. Дәулет Болатұлы ешкімді ұмытпайды», -деді Ром Ильматов.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді қазақ. Шашын ақ қырау шалған Қайыртай Оразалиновты көзіміз шалып қалды. Мұндай адамдарды күнде көре бермейсің. Қайыртай Малғаждарұлы — Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, грек-рим мен еркін күрестен халықаралық дәрежедегі төреші, КСРО-ның спорт шебері. Жақсылық Үшкемпіровтермен бірге жаттыққан. Болат Тұрлыханов мемориалына арнайы шақыртумен келген құрметті қонақ: «Семей –күрестің Отаны. Болат аға Семейдің күресін жоғары деңгейге көтерді. Қанша шәкірт тәрбиеледі. Ол кісінің тәрбиелеген Дәулет арқылы  қазақ елі дүние жүзіне танылды десем, артық айтпағаным болар. Енді қазір бір жағы шәкірті, бір жағынан ұлы Дәулет осындай турнир өткізіп, ағаның атын асқақтатып жүр. Бұл доданың арқасында Қазақстандағы талай мықты жастар шықты. Дәулет өзі де бала болды, балуан болды. Күрестің қандай екенін жан-тәнімен сезіне білген соң, соңынан ерген інілерін осылай тәрбиелеуде. Білген адамға бұл — үлкен өнеге. Жарысқа қомақты жүлде тігіп, жастарды ынталандырып отыр».-деп атап өтті. Кейбір беделді мамандардың бұл турнирді «кіші» әлем чемпионатына балап жүргені туралы сұрағанда: «Кіші» әлем чемпионаты деп мен екі жарысты айта аламын. Оның бірі Ресейде өтетін Иван Поддубный атындағы А класындағы турнир болса, екіншісі – қазір өтіп жатқан халықаралық дәстүрлі Болат Тұрлыханов кубогы. Мен үшін екі жарыстың да мәртебесі бірдей. Әйтпесе Алматыға 16 мемлекеттің балуандары келе ме? Дүниежүзілік біріншіліктің деңгейімен бірдей. Неге десеңіз, Олимпиада, әлем чемпиондары осында жүр», — деп жауап берді.

Екі күнге созылған турнир барысында талай тартысқа куә болдық. Алғашқы күні 59 келі салмақта Руслан Итемгенов корей балуаны Ким Сон Хакпен ақтық сында кездесіп жол берді. Дәл осы салмақта тағы бір балуанымыз Нұрсұлтан Қалмырзаев қолаға қол созды. Алғашқы жүлделер қоржында! Келесі күні үш салмақ бойынша шығатын бауырларымыздың белдесулерін кірпік қақпай тамашаладық. Әсіресе 66 келіде Алмат Кебісбаев пен жақында ғана Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында жеңімпаз атанған  Данияр Қаленов қарсылас шақ келтірмей, финалдан бір-ақ шықты. Қос балуанның белдесуінде тәжірибе мен жастық тайталасқа түсіп жатты. Жанкүйердің делебесі қозып, қиқулап , кілем үстіндегі қос қазаққа дем бергендей. Ат тұяғын тай басады , ол — заңдылық. Қаленов болашағынан үміт күттіретін балуан екендігін дәлелдеп, Алматты алып ұрды.  Өзі де белдесуден кейін «Биылғы жыл мен үшін сәтті болды. Есейген сайын тәжірибе жинақтап келемін. Азия ойындарынан кейін шаршаңқырап жүрмін. Бірақ, намысқа тырысып, жеңімпаз атандым», -деді.

Қалған салмақтарда, атап айтсақ, 98 келіде Еркін Шәйкенов пен 130 келіде Нұрмахан Тінәлиевтер қола жүлдегер атанды. Жүлделер саны бойынша бейресми алғашқы үштікке мына командалар ілінді: Грузия 1 алтын, 3 күміс, 2 қола, Қазақстан 1алтын, 2 күміс, 3 қола және Украина құрамасы 1 алтын, 1 күміс. Сондай-ақ Корея, Ресей, Түркия  құрамалары да алтын жүлделерге ие болды.

Осылайша, мамандардың барлығы жоғары бағалаған дүбірлі дода дүркіреп өтті. Келесі турнирді алматылықтардың асыға күтетіні анық.

 

Мадияр Арстанбаев

Сәйкес жаңалықтар

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛ

bairakkz

ТҮРКИЯДАҒЫ САЙЛАУ «ТОЙҒА» ҰЛАСТЫ: «ЖЕТІСУ» ЖУРНАЛИСТІ ТАҢҚАЛҒАНЫН ЖЕТКІЗДІ

bairakkz

Қазбек Ибрашев дүниеден озды

Ришат