Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Демеу Жадыраев Францияның Ницца қаласында өткен Гран-при турнирінде топ жарды. 77 келіде сынға түскен ол елордадағы әлем чемпионатынан кейін алғаш рет кілемге шығып отыр. Балуанның айтуынша, Франциядағы дода кіл мықтылардың басын қосты.
– Гран-при турнирінде жалпы есебі төрт белдесу өткіздім. Алғашқы айналымда грузин балуанымен кездесіп, 7:7 есебімен тең түскен едім. Төрешілер соңғы ұпайды иеленгенім үшін жеңісті маған берді. Екінші айналымда Әзірбайжан өкілін 7:1 есебімен ұтып, жартылай финалда тағы бір грузиялық балуанды ұттым. Финалда Армения өкілін 5:2 есебімен жеңіп, маусымды сәтті бастап отырмын. Турнирде қызықты белдесулер көп болды. Оның үстіне, бұл жолы мен олимпиадалық салмақ — 77 келіде күрестім.
Естеріңізде болса, Конфедерация кубогінде екі жыл қатарынан осы салмақта сынға түскен едім. Енді әлемдік деңгейде бақ сынап көрмекпін. Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатын жанкүйерлер әлі ұмыта қоймаған шығар. Аталған дода мен үшін сәтсіз аяқталды. Бар өнерімді көрсете алмадым. Сол жарыстан соң кілемге оралып, қайтадан қалпыма келу оңай болған жоқ.
Дегенмен уақыт өтіп жатыр. Спорт жеңіс пен жеңілістерден құралады. Ол шақты қайта әкеле алмаймын. Сондықтан, бар күшімді жиып, жаңа маусымды бастадым. Менің мақсатым — әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғау, — дейді Демеу Жадыраев ҰОК баспасөз қызметіне. Айта кетейік, Демеу Жадыраев 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Проспорт.кз