Бүгін, 2017 жылдың 21-қазанында 2008 және 2012 жылдары өткен Олимпиада ойындарындағы допинг сынамаларын қайта тексеру қорытындылары бойынша допингке қарсы ережелерді үш немесе одан да көп бұзған елдер Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан біржылдық шеттету туралы ресми хабарлама алды. Аталмыш тізімге 9 мемлекет, атап айтқанда Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қытай, Молдова, Ресей, Түркия және Украина енді.
Алынған хабарламада көрсетілгендей, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы халықаралық жарыстарға қатыстырылмайды және бүгінгі күннен бастап, 2018 жылдың 21-қазанына дейін барлық турнирлерден шеттетіледі. Шешім 2016 жылдың маусым айында IWF Атқару комитетінің Тбилисидегі отырысында қабылданды.
Аталмыш шешім қабылданған сәттен бастап, ҚР Ауыр атлетика федерациясы шеттетудің допингке қарсы күресте ең тиімді шара емес екендігін, оның адал спортшылардың, әсіресе жастардың қызығушылығын жоюға әкеліп соғатынын ресми мәлімдеді. Мәселе көтерілген барлық кезеңдерде қазақстандық федерация шеттетудің орнын алмастыруға арналған таза спортты жүргізу аясында өзіне қосымша міндеттемелерді алуға дайын екендігін мәлімдеді. IWF көрсетілген дәйектерді қабылдады және ҚР жасөспірімдер құрамасын жазалауды жұмсарту механизмдерін қарастыратын шешім қабылданады. Осыған байланысты, жасөспірімдер мен қыздар 2018 жылдың 6-18 қазан аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдердің Олимпиада ойындарына арналған жаттығуларын жалғастырады. Сондай-ақ қазақстандық өкілдер мен ҚР ААФ халықаралық және Азия федерацияларының басқарушы органдарындағы қызметтерін жалғастыра береді.
Аталған 9 елдегі допингке қарсы практикалық күрес аясындағы мониторингтік жағдайлар бойынша IWF-тің арнайы комиссиясы құрылатындығы хабарланды. Осы орайда, қазақстандық федерация IWF-тің арнайы комиссиясымен тізе қосып, барлық жұмыстарды бірге жүргізуге ашық және дайын екендігін атап көрсетті.
Қазақстан және әлем спортынан допингті түп-тамырымен жою Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының басты басымдығы болып табылады. Қазақстанда антидопингтік саясатты жетілдіру және қатаңдандыру аясында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша халықаралық жарыстарға қатысқан 2016 және 2017 жылдары қазақстандық ауыр атлетика шеберлерінде тыйым салынған препараттар табылған жоқ.
ҚР ААФ