Маңғыстауда Мұнайшы ауылында көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған 12 тұрғын үйді салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды bairak.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Салтанатты рәсімге аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, «Аманат» партиясының төрағасы, Мұнайшы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімнің орынбасарлары және ауыл тұрғындары қатысты.
Бүгінгі күн – біздің ауданымыз үшін ерекше. Бұл тұрғын үйлер халықтың әл-ауқатын арттыруға, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты қадамдардың бір көрінісі. Әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж азаматтарды қолдау – біздің басты міндетіміз. Жаңа жылдың қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш шара баршамызға бақытты, есте қаларлық сәт болғаны анық. Баспаналарыңыз құтты, жайлы болсын, — деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Айта кетейік, 2024 жылы аудан көлемінде 44 баспана сатып алынды. Осыған дейін, Құрық ауылында 8 отбасына үй табыстау рәсімі өткізілді.
Толқып тұрмын. Көптен күткен қуанышты сәт жаңа жылмен тұспа-тұс келіп жатқаны тағы бір мейрам. Алғысым шексіз, аудан азаматтарына рақметімді айтамын. Жаңа жыл құтты болсын, — деді Мұнайшы ауылының тұрғыны Гүлшат Абиева.
Сонымен қатар, биыл мұқтаж жандарға демеушілік арқылы «Бақытты жанұя» бағдарламасы аясында 4 баспана табысталды.
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі