Ақтауда мас күйде көлік айдап ұсталған шенеунік Әсет Шопанов жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды bairak.kz.
Ол енді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқармақ.
Алдын ала мәлімет бойынша, былтыр мамырда Әсет Шопанов мас күйде көлік айдаған. Оны жергілікті полиция ұстаған. Ол кезде Шопанов Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген. Сот шешімімен шенкунік 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.
Ол еңбек жолын 2002 жылы Бейнеу ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастап, 2003-2018 жылдары Бейнеу ауданы әкімдігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
2018-2020 жылдары Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әртүрлі лауазымдарды атқарған.
2020-2022 жылдары аталған облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2022-2024 жылдары сол басқарманың басшысы болған.
Фото: gov.kz