Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Қазақтың ауыр атлетика шебері немесе Таскескеннен шыққан Толағай

   Бұл күні Қазақстан ауыр атлетикасының кежегесі кейін кетіп тұрғаны жасырын емес. Кіл келімсектерді қатарына қосқан ұйым қазақ жігіттеріне үміт артпайтын да сияқтанады. Тарихқа үңілер болсақ, қазақ жері таланттардан кенже қалмаған. Алайда Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезде отар мемлекеттердің өкілдері тасада қалып қоятын.

    Осыған орай, alzhan.kz спорт порталы назарларыңызға ауыр атлетикада қазақтан шыққан тұңғыш  халықаралық дәрежедегі және КСРО-ның спорт шебері Қажымұрат Нұрғазин туралы мағлұматтарды ұсынады.

Қажымұрат Нұрғазин… Бұл есімді біреу білер, біреу білмес. 1951 жылы Семей облысының Шұбартау ауылында қарапайым қазақ Ахметқазы Нұрғазиннің отбасында дүниеге сәби келді. Есімін Қажымұрат деп қойған еді. Пәни өмірге шырылдап келген баланың шойын темір көтерумен атағы шығатынын ешкім де білмеген. Өмір өте берді.

1951 жылы Ахметқазы Нұрғазин қызмет бабымен көршілес Таскескен ауылына көшіп келді. Бала Қажымұрат сол ауылдың Ыбырай Алтынсарин мектебіне қабылданып, 1969 жылы оны тәмамдап шықты. Мектепте оқып жүргенде спортқа құмар жеткіншек күреске қатысатын. Зілтемірді де көтеріп жүрді. Ауылдағы кәсіптік училище мен мектеп, аудан, облыс көлемінде түрлі сайыстарда бақ сынап, жүлдеге ие болды. Мектептегі жаттықтырушысы Болат Тұрлыханов еді.

1969 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтының  ауыр атлетика факультетіне қабылданды. Қабылдау емтиханында серпе көтеруден КСРО спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған оның жеңісті жолын жалғастыруына Серік Мұстафин, А.Я. Небучиндер зор ықпал етті.

Атағы Кеңес Одағына тарап, мамандар назарына іліккен Қажымұрат 1972-1973 жылдары Республика чемпионы атанып, «спорт шебері» атағын иеленді. 1974 жылы Республика чемпионатының күміс жүлдегері, құрғақтағы әскери күштердің бүкілодақтық біріншілігі чемпионы атанды. Араға жыл салып, КСРО Қарулы күштерінің қола жүлдесіне қол созды.  «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына қазақ арасынан тұңғыш рет   Қажымұрат ие болды. Ол алматылық атлеттер В. Мажейков, Г. Тубышев, Мельник, Коломеtц, О. Чапайкиндермен бірге ҚазКСР құрамасына қабылданып, жаттығуларын өткізді.

Шалқақ кеуделі кілең мықтылардың арасында құрамадағы жалғыз қазақ Нұрғазин де жүрді. Сол кездері қазақ ауыр атлеттері одақта төртінші орында болды.

Жұлқа көтеруден 95 кг салмақты меңгеріп, Қазақстан рекордын жаңартты. Серпе көтеруден 127,5 кг бағындырып, Республика рекордына түзету енгізді.

Ауылда туып-өссе де осындай жетістіктерге жеткен Қажымұрат Нұрғазин туралы мәліметтерді ауылдастары мақтан етіп айтып отырады. Тек «әттегенайы», көп жерде жазылмаған.

Қажымұраттың ағасы Ермек те ауыр атлетикамен шұғылданған. Туыстарының айтуынша, Ермек күші басым болып тұрса да інісі Қажымұраттың жолына бөгет болмау мақсатында жарыстарда оған жол беріп отырған. Қажымұраттың алысқа баратындығын байқаған болуы керек. Көрегендігі ғой.

Ауылдастарының арасында да түрлі аңызға бергісіз әңгімелер көп айтылады. Бойының кішкентай екенін айтып әзілдеген 120 келі тартатын еңгезердей досын қақпақылдай, басынан аса  көтеріп алғанда, талайды таң қалдырған екен.

Міне, қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қажымұрат Нұрғазин жайлы қысқаша баяндап өттік. Талай зерттеуді қажет етіп тұрған тұлға туралы әлі де жазатын боламыз. Айтпағымыз,  зілтемір көтеру қазаққа жат спорт емес. Қажымұраттай мықтылар әлі талай шығатыны шындық. Тек іздеу керек, іздену керек.

 

 

Сәйкес жаңалықтар

#САЙЛАУ2023

bairakkz

Сайлау 2023

bairakkz

ӘЖЕЛЕР АНСАМБІЛІ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

bairakkz

Пікір жазу