ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, өзін “ресейшіл” болып кетті дегендерге жауап берді,деп хабарлайды bairak.kz.
Ел арасында түрлі әңгімелер өріп, кейбір қолданушылар оның отансүйгіштігіне күмән келтіріп, тіпті «сатқын» деп айыптаған болатын.
Тасмағамбетов мәлімдемесінде «Сотқа жүгініп, біреумен дауласып жүрген адам емеспін. Себебі, ақтың отын ақымақ өшіре алмайды»,- деді ол.
Қоғам қайраткері әлеуметтік желіде айтылған жалған ақпараттар мен орынсыз кінәлаулардың адам абыройына тигізер әсерін жоққа шығармайды. Бірақ соларға бой алдырмай, сабыр мен парасат биігінен қарайтынын білдірді. Ол «әлеуметтік желінің жылдам таралуы – ар алдындағы жауапкершілікті ұмыттырмауы тиіс» деген ойын айтты.
Иманғали Нұрғалиұлы өз өмір жолына тоқталып, Атырау өңірінде дүниеге келгенін, қазақы тәлім мен тәрбиені бойына сіңіргенін де атап өтті. Ата-ана аманатын, туған топырақтың қасиетін бойтұмардай қадірлейтінін, елдің мүддесі жолындағы күресте ар-намысты биік қоятынын жеткізді.
Ол халықаралық әскери ұйымдағы қызметі арқылы еліміздің қауіпсіздігін қорғауға өз үлесін қосқанын айтып, «ел мүддесі үшін отқа да, суға да түсу – мен үшін мәртебе» деді. Бұл тұрғыда ол өзі қызмет еткен кез келген лауазымда ұлттың абыройы мен мемлекеттің тәуелсіздігін қорғауды басты міндет санағанын айтты.
Әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырған Тасмағамбетов: «Арлы адам – ең күшті адам», – деген Әбіш Кекілбаевтың сөзін мысалға келтіріп, адалдық пен ұстанымның тұрақтылығын биікке қойды. Оның айтуынша, қазіргі заманғы ақпарат тасқынында әрбір азамат шындық пен өтірікті айыра білуі тиіс.