Талдықорған қаласында қазақ күресінен «Талдықорған бөрісі» турнирі өз мәресіне жетті. Тұңғыш Президен Н. Назарбаевтің жүлдесіне арналған қазақ күресінен республикалық турнирдің іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Алматы облысында 16 аудан, 3 қалада боз кілем жайылып, апайтөс балуандар кім мықтыны анықтауда. Ұтқан екі балуан облыстық додада бақ сынап, алдағы Астанада өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алады.
Сонымен Талдықорған қаласында өткен байрақты бәсекеге 20 балуан қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Чарапиев сөз сөйлеп, өнер майталманы, ардагер атамыз Әлімғазы Райымбеков ақ батасын берді. Сонымен қатар арнайы Алматыдан спорт жанашыры Ғалымжан Оспанов турнирдің құрметті қонағы болды. Турнирдің салтанатты шарасында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевқа «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының өкілі Жандос Аянбек дене шынықтыруға қосқан үлесі үшін деген төс белгіні тапсырды. Жеребе жолдас болған балуандар боз кілемнің шаңын қақты. Айта кетерлігі кілемге шыққандардың осалы жоқ. Барлығы да апайтөс балуандар. Сонымен екі топқа бөлінген мықтылардың ішінен бірінші болып, ақтық сынға Александр Касачев шықты. Екінші топтан Әлішер Әділбай қарсылас атанды. Финал айтарлықтай көпке созылмады. Бұған дейін ірі жарыстарда талайды тобықтан қаққан Александр бұл жолы да қиналмады. Шеберлігі артқан сары бала әп сәтте, қарсыласының жауырынын боз кілемге тигізді. Үшінші орынға Шыңғыс Сайлауұлы көтерілді. Ернар Әбдірахманов пен Ерлан Тойбаев жарыстың үздік әдіс істеген балуандары атанып, арнайы сыйлыққа қол жеткізді.