Бүгін Жетісу облысында халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан 30 отбасы жаңа үйлі болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Талдықорған қаласындағы «Жастар — 3» жаңа тұрғын ауданынан берілген үйлердің кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады. Жалпы жыл басынан бері облыс орталығында кезектегі 102 отбасы жаңа баспанаға кірді. Атап айтқанда, «Береке» коттедж қалашығының, «Жастар-3» тұрғын алабында әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар мен көп балалы отбасылар үйлі болды.
Кілт беру салтанатына қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, баспанамен қамту бағытында өңірде атқарылып жатқан шараларға тоқталды:
Мемлекеттің қолдауымен қабылданып жатқан шаралардың арқасында Талдықорғанда биыл жыл басынан бері әлеуметтік осал топтар санатымен кезекте тұрған 102 көпбалалы отбасы үйлі болды. Солардың қатарда бүгін сіздер де өз үйлеріңіздің кілтін алып отырсыздар. Дәл осы жаңа тұрғын алабында 56 үй салынды, биыл біз 150 үй салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы мұнда 700-ден астам үй болады. Жол жасалады, құжаттар дайын. Сондай-ақ биыл газдандыру жұмыстарын бастаймыз. Осылайша бұл аудан алдағы уақытта қаланың үлкен әрі әдемі заманауи шағын аудандарының бірі болады. Содан кейін біз мұнда әлеуметтік нысандарды салу мәселесін қарастыра бастаймыз. Жалпы өткен жылы Талдықорғанда тұрғын үй кезегі 8,3%-ға азайды, осы жылы тағы 1400-ден астам отбасына тұрғын үй беріледі деп жоспарлап отырмыз. Сөйтіп 2023-2025 жылдары облыс орталығында кезекте тұрған 5 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, — деген Б. Исабаев «Жастар-3» тұрғын алабындағы үйлердің кілттерін тапсыру рәсімін атқарды.
Еске салсақ, осыдан 10 күн бұрын осы шағын ауданда алғашқы 23 отбасы жаңа қонысқа кірген болатын.
Жалпы бүгінгі жаңа қоныс иелерінің арасында толық емес отбасылар, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін жетім қалған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер бар.
Тұрғын үй кілтін алғандардың қатарындағы Шабельский отбасы қуанышын бөлісті. Жас отағасы Святослав Алексеевич:
Қазір 25 жасқа келдім. 2011 жылдан бастап тұрғын үйге кезегінде тұрамын. Мен кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Осы кезге дейін әйел, бала-шағаммен бірге әжемнің үйінде бірге тұрдық. Әрине, өз үйіміз болса деп армандадық, әсіресе екі қызым өз бөлмеміз болса дейтін. Енді, міне, үйімізге қол жеткіздік, қуанышымызда шек жоқ, — деді.
Қаланың тағы бір тұрғыны Жанар Әбділманова да жаңа қоныстың қуанышына кенелді. Ол «толық емес отбасы» санатында тұрғын үйге кезегінде 13 жыл тұрған.
Бүгін біздің әулетімізде үлкен мереке. Жалдамалы пәтерде көшіп жүретін уақытымыз енді артта қалды. Балаларымның жайлы, әдемі, кең үйде еркін өсетініне қуанып отырмын, — дейді ол.
Талдықорғандық Дана Демидова да өз жайынан қысқаша баяндап берді:
Менің екі балам бар, кіші ұлым 16 жаста. Ауыр жол апатының салдарынан күйеуім мерт болды, денсаулығым нашарлап, өзім мүгедектік алдым. Бүгін отбасымыз үлкен қуанышқа кенеліп, қоныстойын тойлап жатырмыз. Біз бұл күнді 14 жыл күттік. Бүгінгі қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймын, — деді денсаулық сақтау саласында фельдшер болып 25 жылдай жұмыс істеген Д.Демидова.
Атап өтсек, әр үйдің жалпы ауданы 76 шаршы метр. Мұнда үш тұрғын бөлме, ас үй мен жуынатын бөлме бар. Үй электр қазандығы арқылы жылытылады, ал газ қазандықтары табиғи газ жеткізілгеннен кейін іске қосылады. Өңір басшысының айтуынша, жыл соңына дейін тұрғын үй алабына газ тарту жоспарда бар.
Жалпы өткен жылы облыста 371,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, биыл тағы 380 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарлануда.