Түркия астанасы Анкарада әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимараты маңында теракт болды.
Төрт адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Мен бұл жантүршігерлік лаңкестік әрекетті айыптаймын, — деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.
Оқиға орнына қауіпсіздік күштері, жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндірушілер жіберілді. Шабуыл күзетшілерді ауыстыру кезінде болды. Компания қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылды.
Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеме жасады.
Анкараның Кахраманказан нысандарына теракт жасалды. Өкінішке орай, құрбан болғандар мен жараланғандар бар. Алла рахымына алсын, – деді министр.
Теледидарда көрсетілген қауіпсіздік камераларынан түсірілген кадрлар қарапайым киімді ер адамның рюкзакты алып жүргенін және қолында мылтық ұстағанын көрсетеді. Шабуылдаушылардың арасында, суреттерге қарағанда, кем дегенде бір әйел болды, ол да мылтықпен қаруланған. CNN TURK нысанның қақпасына жақындаған содырлар әуелі көлікті жарып,содан кейін қарулы қақтығысты бастағанын хабарлайды.