Бар мейірім мен жылулықтың, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Отбасылардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани әлеуеті жиынтықтала келе тұтас қоғамның келбетін көрсетеді. Сондықтан, өнегесі мол, өсіп-өніп, тамырын тереңнен тартқан әулеттерді көпке үлгі етудің, отбасылық ұстанымын, ұлағатын, ұрпаққа сабақ болар өмір өрнегін паш етудің маңызы зор. Осындай қазыналы, қабырғалы әулеттердің бірі – Керейбаевтар отбасы.
Сазгерлікке құлаш ұрып, көш басында тұрған Мэлс Рамазанұлы қазір 350-ге тарта ән мен күйдің, «Сәбиім – ән-күйім», «Отан – біздің әніміз», «Ән шырқа, жас ұлан», «Сағынам, туған мекенім» ән жинақтарының, «Толқиды Ақсу» кітабының авторы. Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, ҚР мәдениет саласының үздігі атанған ол Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Текелі қаласының Құрметті азаматы.
Бүгін қаламыздағы 452 сайлау учаскесінде Керейбаевтар отбасы өз таңдауларын жасап дауыс берді.
«Егемен, еңселі еліміз үшін тұрақтылық пен тыныштықтан, тұнығы лайланбаған татулық пен бірліктен асқан байлық жоқ. Қазақстанның қара ормандай халқы қашанда игі іске жұмылған жұдырықтай атсалысады. Үлкен маңызды оқиға азаматтарымыз бірауыздан қатысып, таңдаған кандидаттарына дауыс береді деп сенемін. Әрқайсымыз бейбіт те берекелі еліміздің келешегі үшін, ұрпағымыздың ертеңгі бақуатты өмірі үшін азаматтық танытайық, сайлауға бей-жай қарамайық, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалайық дегім келеді» — деді Меліс Керейбаев.