Ұлттық банк «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының шарттарына бірқатар өзгеріс енгізді. Енді бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны ұлғайып, қарыз алушыларға төлем қабілетін растаудың қосымша мүмкіндігі берілді, деп хабарлайды bairak.kz.
Жаңа ережелер:
Астана, Алматы, қала маңы аймақтары және Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында ең жоғары сома 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге көтерілді;
Қарағанды қаласында — 20 млн-нан 25 млн теңгеге дейін;
Басқа өңірлерде — 15 млн-нан 20 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, қарыз алушылар енді төлем қабілетін растау үшін тек қосалқы қарыз алушыны ғана емес, кепілгерді (гарантты) де тарта алады.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, енді ипотека алу кезінде ең басты назар азаматтың тұрақты табысына аударылады. Бұл жаңалық ипотеканы қолжетімді етіп, көбірек азаматтың тұрғын үйге қол жеткізуіне мүмкіндік бермек.
Бағдарламаның басқа талаптары өзгеріссіз қалды:
алғашқы жарна — 20%;
жылдық мөлшерлеме — 7%;
несиелеу мерзімі — 25 жылға дейін;
бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарға арналған.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылғы 2 қазанға дейін бағдарлама аясында 1 149,7 млрд теңгеге жалпы 81 886 жеңілдетілген несие берілген.
Жаңартылған талаптар 26 қыркүйектен бастап күшіне енді.
