Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

«Болат Тұрлыханов кубогы» турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті

Бүгін Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде халықаралық дәстүрлі «Болат Тұрлыханов кубогы» турниріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. 22 жылдық тарихы бар турнир биыл тұңғыш рет Алматыда өткелі отыр. Бұған дейін Семейде өткізіліп келді. 

Баспасөз мәслихатына Азия күрес федерациясының президенті,  спорт және қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов,  Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының төрағасы Әбіл Дөңбай, грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Мейірхан Рахметов,  Халықаралық күрес кеңесі төрешісі Андрей Криковтар қатысты.

Алдымен сөз алған Дәулет Болатұлы турнир жайлы тоқтала кетті. Жарыстың жүлде қоры,  қатысушы елдер жайлы мағлұмат берді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапына, жекелей алғанда Әбіл Дөңбаевқа алғысын білдірді. «Палуандар жыл бойы жаттығады,  оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Соған стимул ретінде жарыстың жүлде қорын қомақтылау еттік. Алтын жүлде ұтқан балуанның бапкері де 1000$ сыйақы алады», — деп атап өтті Дәулет Тұрлыханов. Қазақстандық балуандардың қайсысының жүлдеге таласы бар деген сұраққа,  «Сырттан келетін 16 ел мықтыларын әкеле жатыр. Әсіресе Иран құрамасы жоғары деңгейлі спортшыларын додаға салмақ.  «Біздің  жігіттерге үміт артамыз енді, «өз үйіңнің қабырғасы да көмектеседі»  дейді ғой», — деп әзілмен жауап қатты.

Одан кейін сөз алған Дене шынықтыру және спорт басқармасының төрағасы Әбіл Дөңбай турнирдің «Алматы туры» веложарысымен тұспа-тұс келгенін айтып өтті. Қалада кептеліс болып кетіп,  көрермендердің жарысқа келуі туралы сұраққа былай деп жауап берді: «Біз қалалық ІІД-мен бірлесе отырып жоспар құрдық. Пелотон жүріп өтетін көшелерді кезек-кезек 30-40 минуттан жабамыз. Бәрі тыңғылықты ойластырылды. Көлік кептелісі бола қоймайды деп ойлаймын».  Сондай-ақ басқарма бастығы Болат Тұрлыханов кубогының маңызы туралы сөйледі. Болат Тұрлыхановтың өмірінің соңғы кезеңінде Алматыда жұмыс жасағанын,  сондықтан аталмыш турнирдің Алматыға жат емес екенін айтты.

Бұдан кейін сөз алған спикерлер «Халық Арена»  кешені туралы жылы лебіздерін білдірді.

22 жыл бойы Семей шаһарында өтіп келген турнирдің әртүрлі атауы болды. Командалық та жарыс болды,  шетелден азды-көпті спортшылар келді. Әртүрлі форматта өтті. Қазір Халықаралық күрес кеңесі аясында өтетін болғандықтан, жарысты Алматыда өткізуге шешім қабылданды.  Қаланың инфрақұрылымы жоғары деңгейде екені, қонақтардың келіп-кетуі, қонақүйлер және спорт кешенінің халықаралық талаптарға сай екендігі айтылды.

Сәйкес жаңалықтар

Өнері озық елдің өрісі кең болады – Дулат Тастекей

bairakkz

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тағы 65 пәтер берілді

bairakkz

ЛОЗАННА – 2020: ЖҮЛДЕСІЗ ОЛИМПИАДА

bairakkz