РИМДЕГІ СЕНСАЦИЯ!
«Барселона» футбол клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыға алмай қалды. Иә, бұл нәтижені ешкім күтпеді. Тіпті, көрермендердің өзі Римдегі ойынды қоя тұрып, қатар өткен кездесуге үңілгені анық. Бірақ, «Рома» өз алаңында «Барселонаны» 3:0 есебімен ұтып сенсация жасады. Бірінші ойында 4:1 есебімен жеңіске жеткен «каталондықтар» Римдегі ойында шабуылдауға асыққан да жоқ. Есесіне қарымта кездесуде «италиялық» команда қол қусырып қалған жоқ. Керісінше, шабуылда жүрді. Сондай жүйелі шабуылының арқасында Эдин Джеко гол соғып, ойынның 6 минутында алаң иелерін есепте алға шығарды. Осыдан кейін де италиялықтар шабуылдарын үдетіп, соққыларын қарша боратты. Ойынның 58 минутында Даниэле Де Росси 11 метрлік айып соққысын сәтті орындап, есепті еселей түсті. Ал, 83 минутта Манолас бұрыштамадан асырған допқа бірінші жетіп, өз командасын жартылай финалға алып шықты.