Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСпорт

Тектінің тұяғы

    Қазақстанда жыл сайын халықаралық «Болат Тұрлыханов кубогы» турнирі өтеді.  Биыл да 30-қыркүйек пен 1-қазан аралығында Алматыда  болатын дәстүрлі халықаралық  жарыс қаншама спорт саңлақтарының томағасын сыпырған Тұрлыханның тұяғын еске алуға арналады.  Қазақ спортының тарихынан ойып орын алатын Дәулеттей даңқты ұлды әлемге паш еткен Болат Тұрлыхановтың өзі де КСРО-ның спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан және Азияның чемпионы болған.

    Қазақта «тектілік» деген ұғым бар. Бұл — биологиялық  жолмен берілетін бейімділік қана емес, сонымен қатар әр адамның бойында кездесе бермейтін асыл қасиеттердің жиынтығы. Болат Тұрлыханұлы – текті жан. Әкесі Тұрлыхан — ақын, талантты өнерпаз, ұлағатты ұстаз болған адам. Атасы Қасен Меккеге екі рет қажылыққа барған.  Ислам дінінің саф ілімінен сусындаған жанды ел-жұрт Қасен қажы деп әспеттеп, сыйлаған.

Осындай асылдардың ұрпағы Болат Тұрлыханов 1932 жылы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келді. Орта мектепті, Қазақ Мемлекеттік физкультура институтын үздік бітірген. Тәжірибелі жаттықтырушы талай балуанды баптап шығарды, олар кейіннен еркін күрес және грек-рим күресінен спорт шебері атағына қол жеткізді, солардың арасында өз ұлдары да болды. Ұлы Дәулет грек-рим күресінен жеті дүркін КСРО чемпионы, әлем, Европа чемпионы атағына ие болды, екі Олимпиадада жүлдегер атанды, Азия ойындарының жеңімпазы болды. Тектінің тұяғы емей немене?!

Өзі еңбек еткен Үржар, Таскескен ауылдарының азаматтары Болат Тұрлыханұлы жайында көптеген естеліктер айтады. Білетіндер Болат ағаны аса ізденімпаз болған, қалың ойдың құшағында жүретін деп еске алады. Сондай шәкірттерінің бірі, Таскескен ауылының тумасы Жұматай Тұраровтың айтқаны есімде қалыпты: «Ағаның өткізген әр сабағы, әр жарысы үлкен мереке болатын. Дене шынықтыру сабағын асыға күтетінбіз. . Бүкіл мектеп оқушылары ағаның қасынан табылатын. Жаны жайсаң жан еді. Ол кісі жасаған спорт алаңы құдды бір ертегідегідей болатын. Ондай спорт алаңын 48 жыл өтсе де не облыс, не аудан орталықтарынан көрген емен. Ат шаптырым аумаққа 2 волейбол, 1 баскетбол алаңы, лабиринт, чехарда, ұзындыққа, биіктікке секіретін,  найза лақтыратын орындар, теннис үстелі, 100 метрлік және бірнеше қашықтыққа жүгіретін жол, гандбол мен шағын футбол алаңдарын өз қолымен жасап шықты. Жасалған алаңның тазалығы, сырланып тұруын өзі қадағалайтын. Ұстазымыз туралы қай жерге бармасақ та тек жылы сөздер естиміз. Болат Тұрлыханұлы — тек жақсыға лайық адам».  Бұл — бір ғана Таскескен ауылындағы жасап кеткен жұмысының жемісі. Шығыс Қазақстан өңіріндегі еңбегі ұшан-теңіз. Аянбай қызмет еткен еңбекқор жанның қанша бұлақтың көзін ашқанын бағамдау қиын емес. 1987 жылдардан бастап Алматыда жемісті еңбек етті. Жалпы айтқанда, мемлекет спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Адал, өз принципіне берік болған бапкер шаңғы, күрес, жеңіл атлетика, тіпті шахмат спортынан ауылдағы таланттардың көзін аша білді. Саңлақ өз балаларын да спортқа баулыды, тәрбиеледі. Өзімдікі деген жоқ, өзгенікі деп бөлмеді. Ұлына да, ұлтының баласына да қатал, әрі мейірбан бола білді. Міне, тектілік деген осы. Қара басының қамын жеген жоқ. Ұлтын ойлады. Жары Мәрзия Айтбайқызы да ағаны әркез қолдап, өзі де спортты серік ететін. Отбасының ұйытқысы сегіз ұл мен екі қыз дүниеге әкелген батыр ана осал болсын ба?! Он баланы асырап қана қоймай, оларға тектілік қасиеттерді дарытты. Өмірлік ұстанымдары – адалдық, ізгілік, кішіпейілділік болды. Үйдегі бала тәрбиесімен қатар ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атанды.

P.s.: Болат Тұрлыханұлы – тектінің тұяғы, шын шебер, ұлағатты ұстаз, саңлақ спортшы. Осындай тұтас ұлттың мақтанышына айналған тұлғаның құрметіне арналған турнир Бүкіләлемдік күрес кеңесі(UWW) аясында өтеді. Жарысқа 16 елдің балуаны боз кілемде белдесуге келеді. Мұның өзі Тұрлыхановтар әулетінің зор беделін айқындап тұрғаны анық. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады деген осы!

Мадияр Арстанбаев

Сәйкес жаңалықтар

В день выборов в Текели родился малыш

bairakkz

Өзге ұлт өкілдері де науқанға жаппай қатысуда

bairakkz

ӘЖЕЛЕР АНСАМБІЛІ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

bairakkz

Пікір жазу