Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында ерлер арасында волейболдан Қазақстан чемпионаты 27 турының алғашқы ойындары басталды. Жарыста Ақтөбе облысының «Ақтөбе», Батыс Қазақстан облысының «Жайық», Шымкент қаласының «Динамо», Қостанай облысының «Динамо Қостанай», Қызылорда облысының «Қайсар» және облысымыздың намысын қорғайтын «Жетісу — Жастар» командалары бақ сынасады.
Шара облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің алғысөзімен бастау алды.
-Бүгінгі дүбірлі доданың Жетісу жерінде өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталып, ұлт денсаулығын сақтаудағы рөліне баса назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде көптеген халықаралық, республикалық жарыстар өткізілуде, — дей келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, волейболдан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында өткен Қазақстан Республикасының күзгі чемпионатында жүлделі орын алған облысымыздың спортшыларын марапаттады.
Айта кетейік волейболдан Теміртау қаласында өткен күзгі чемпионатында жасөспірім қыздарымыз жүлделі 1-орынды жеңіп алса, Қызылорда облысында өткен додада ұлдар командасы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Осыдан кейін дүбірлі дода басталып кетті. Алғашқы бәсеке Қызылорда облысының «Қайсар» және облысымыздың «Жетісу — Жастар» командалары арасында өтті.