Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ММА СПОРТЫНАН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында аралас жауынгерлік жекпе-жек ММА спортынан ҚР V кубогының финалдық кездесуі өтті.

 

Шарада Алматы облысы спортшыларының жеткен жетістігі жайлы бейнебаян көрсетілді. Осыдан кейін облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып:

– 2018 жыл спортшыларымыз үшін жақсы нәтижемен басталды. Ел намысын қорғаған Арман Әшімовтің жеткен жетістігі көп. Ол ҚР ММА кубогының жеңімпазы, К-1 бойынша Қазақстан, Еуразия және Еуропа чемпионы және кигбоксингтан спорт шебері. Жалпы облысымыздың спортшылары әлі талай додаларда топ жарып, байрағымызды көкте желбірететініне сенімдімін, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан ММА Федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсенов былтыр Алматы облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте ел чемпионы атанғандығын тілге тиек етіп, облыс спортшыларына сәттілік тіледі.

Дода тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында 52  келі салмақта 1-орынды  облыс намысын қорғаған Толқын Дәуренбекова иеленсе, Шығыс Қазақстан спортшысы  Шынар Жүсіпова тұғырдың екінші сатысынан көрінді. 56 келі салмақта 1-орынды жерлесіміз Аян Тұрсын жеңіп алса,  Шығыс Қазақстандық  Дарина Абылғазина 2-орынды місе тұтты.

65 келі салмақта 1-орын алматылық Саида Хасенова бұйырса,  2-орынды облысымыздың спортшысы Дидар Екпін иеленді.

Ерлер арасында 56 келі салмақта 1-орынды Алматы облысының балуаны Дастан Жақыпбеков, 2-орынды Шымкент қаласынан Ербол Нұрбек, қола жүлдені шымкенттік Дихан Тоқтар Ақмола облысынан Дархан Үңілбеков қанжығасына байлады. 61 келі салмақта 1-орынды алматылық Жасұлан Мейірманов 2-орынды Атырау облысынан  Абылай Көргенов 3-орынды астаналық Ақылбек Рашев пен жергілікті балуан Жандос Қайыркенов  иемденді. 65 келі салмақта 1-орын облысымыздың намысын жыртқан Жандос Нұрмағамбетовке бұйырса,  2-орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Асхат Тілеужан жеңіп алды.

Ал, Алматы облысының тағы бір жауынгері Шайырбай Ержан мен Жамбыл облысының балуаны Магамед Аманов үздік үштіктің қатарынан көрінді.  70 келіде қарағандылық Виталий Радионов алтынмен апталса, Алматы облысының спортшысы Досжан Кенжебай күміспен күптелді. Ал Асхат Кеңесбеков пен Бекзат Акишев қола жүлдегер атанды. 77 келіде Алматы облысынан Жан Кенжебаев тұғырдың бірінші сатысынан көрінсе, астаналық Бағлан Телібаев екінші жүлдені қанағат тұтты. Қарағандылық Орынбасар Абжалов пен Жамбыл облысынан Сәбит Түлендиев қола жүлдені еншіледі. 83 келіде 1-орын астаналық Александр Валға, 2-орын Алматы облысынан Мәди Досмұхаметовке, қола жүлде алматылық Ашимхан Мәулен мен қызылордалық Тимур Сулаевқа бұйырды.

93 келіде 1-орынды қарағандылық Зелимхан Хумаидов иеленсе, астаналық Бахтияр Сәрсекеев 2-орынды еншіледі. Қола жүлде  Алматы спортшысы Әмір Алемсейітке бұйырды. 120 келіде Алматының қос жауынгері Александр Дя алтын, Ерасыл Төлепберген күміс медальді жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Алматы облысының командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Спортшыларды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлив марапаттады.

Сәйкес жаңалықтар

Төмпешіктен секіріп, финалдан төбе көрсеттік

bairakkz

Қазақ ұлттық университеті биыл толағай табыстарға қол жеткізді

bairakkz

ӘЧ-2018. ОН АЛТЫ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЖЕҢІС

bairakkz