Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

БІЗДІҢ ГАЙДАР!

Бүгінгі мақала Қазақстанның зіл көтеруден алты дүркін чемпионы, КСРО спорт шебері, Торғайдың төл перзенті Гайдар Саржановқа арналады. Бұл материалды белгілі ақын, журналист Әбжан Әбілтай жазып отыр. Ол тау-тасты бір деммен қопарып, ерекше талантымен дараланған жерлесі туралы дүниесін осыдан біраз жыл бұрын облыстық «Торғай таңы» газетінде жариялаған еді. Енді сол мақаланы оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Жақында облысымыздың үздік спортшысы палуан Мұрат Кеңтонов халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген құрметті атаққа ие болды. Осы бір кішіпейіл әдемі жігіт кілемде ғана емес, былайғы тірішіліктегі жүріс-тұрысымен, жымиыс-күлісімен-ақ менің көз алдыма атақты боксшы Серік Қонақбаевты алып келеді. Қызық. Ол боксшы, бұл палуан…
Салыстыру дәстүрдің салты, ойдың өрісі. Зіл көтеруші Гайдар Саржановты білетіндеріңіз бар ма? Жүрегінің түгі, білегінің күші бар жастардың оны білетінін білемін. Былайғы жұрттан – отының басында отырып мүлгіген, ояна салып қағазға үңілгендер не біледі?

Білеміз дейді.

Сонда ел не біледі екен?…

Оны білетіндер бірауыздан біздің Гайдар дейді. Біздің Гайдарыңыз өзі айтатындай «Қайыңды» қой совхозының баласы, одан қалды сонда Батиқа деген кемпір бар, соның баласы, елдің айтуынша Сейтікен мен Мәртайдың баласы, тағы да Гайдарға салсаң, Қазыбектің баласы. Аласы жоқ, таласы. Торғай жұрты да оны біздің Гайдар дейді. Дейтін жөні бар, ол – сол елдің күйеу баласы, таласы жоқ, аласы. Сіз білмейтін, біз білетін сол бала қырсыққанда қырыққа келіп отыр. Келмейін деп еді, әрине…
Сол Гайдар маған 40-та емес, 80-ге келгендей көрінеді. Алты рет алып Қазақстанның чемпионы болып, тоқсан рет тұғырға көтерілген ұлыңның спорттағы аз ғана ғұмыры осындай ойларға жетелейді.

Аз ғана…

Иә, аз ғана. Өйткені Гайдар спортты ең өскен шағында, кемеліне келіп, енді-енді тағы да бірдеңе істермін деп тұрған кезінде тастады. Оны ойласа көзіне жас үйіріледі, көмейіне сөз кептеледі.

Тастайын деген жоқ.

Әлгінде Мұрат туралы текке айтқан жоқпын.

Гайдардың сахнаға (аренаға, помостқа) соңғы шығуы да сол болды. Әлемдік рекордты басына көтеріп тұрып, тастап жіберді. Бар болғаны аз ғана сәт. Соған оның жүрегі шыдағанымен, белі мен білегі шыдай алмай қалды-ау!
Сол жарыста Гайдардың бұлшық еттері жыртылып кетіп, ауруханаға түсті. Содан кейін де сол пәлені жалғастыруға болатын еді, әрине. Ол өйткені…

Ауылға келгенде зіл көтеруден алты рет туған елінің ең мықтысы болған, шалбары бұтына сыймайтын, баяғыша айтқанда балп-балп басқан бабалары сияқты бірдеңе-тін. Бірнеше жыл облыстық спорт комитетінің зіл көтеру жөніндегі бас жаттықтырушысы болды, сосын қойды.

Кейде ой келеді: осындай ұлдар бүгін қайда жүр? 8 класта оқып жүріп, сол кездің өзінде-ақ ауыл дүкенінен екі қап ұнды қолтығына қыстырып жүре беретін қасқа сол еді. Құйттайынан МТМ-да шашылып жатқан дөңгелектерді білікке тізіп, көкке көтерді, жер иіскетті. Сөйтіп жүріп, «болар бала боғынан» дегендей (оны 9 класта-ақ мамандар байқаған), Алматының дене шынықтыру институтына қойды да кетті. Қойды-кетті дегенге бұл бір ғана қара күштің иесі екен деп ойламаңыз, одан сөз артылмайды. Ой болмаса сөз қайдан шықсын.

Институттың бірінші курсында оқып жүріп спорт шеберінің нормативін орындау әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Осындай өлермендер қайда қазір? Зіл көтеруді манағы күреспен, бокспен салыстырып жатқаным бұл. Бірақ та зіл көтеру дегеніңіз алдыңда неше батпан, неше келі зіл тұр, әлің жетсе көтер, көтермесең көтеншегің үзілсін дейтін шаруа. Бұл спорттың заңы да осы.

Алты жыл республика ауыр атлетшілерінің 75 келілік салмақтағы айырбастамас батыры Гайдар Саржановтың спорттағы ғұмыры аз ғұмыр емес. Спорт шебері деген атақты алты рет қорғау деген сөз ол.
Гайдар өте сөзшең, әзілқой жігіт.

– Қазір ауыл арасындағы той-томалақта да ат мінетін болды ғой, – дейді ол. – Мен сізге әлгінде айтқан Вильнюсте, бұрынғы Кеңестер Одағының жастар арасындағы чемпионы болғанымда маған сыйлыққа оятқыш сағат беріп еді. Соның өзі қонақ үйде қалып қойыпты.

Жетпіс бес келі салмақпен 180 келі зілді көтерген жігіттің сыры осы.
Манағы бұлшық еттердің жыртылысын сұрасам, Гайдар оның бәрін жаттығу жұмыстарында кеткен олқылықтардан, жарыс кестесінің жиілігінен деп түсіндіреді. Орыстар мен бұлғарлардың спорттың бұл түріндегі жетістіктері де әріден ойлағандықтан, өз төлдеріне жаны ашығандықтан, солардың әлдік, психологиялық ерекшеліктерін тап басып танығандықтан, спортшыны соған сай әзірлеуінен дейді.

Оның тәлімгер ретіндегі алдынан шыққан спорт шеберлері шүкір баршылық. Солардың ең бастысы аман болса, Олжас болар дейміз. Жүрісі де, күлісі де әкесінен аумайды, – дейді көргендер. Ол да баяғы Бәтиқа кемпірдің қойнында.

Мен осы бір азғантай жазбамда зіл көтеруден Қазақстан құрамасының сапында болған Гайдар батырдың Олимпиада чемпионы Виктор Мазин, қазақтың ең ауыр салмақтағы зіл көтерушісі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғазез Тұбышев, тағы басқалар секілді небір жойқын күш иелерімен болған оқиғаларына тоқтала алмадым. Сол үшін де кейіпкерімнің келбеті анық болсын деп, оның спорттағы жолын көрсететін мына кестені ұсынып отырмын.

1. 1973 жыл. – «Спартак» қоғамының біріншілігі, 9-класс (95 кг. – серпу, 127 кг. – жұлқу, 1-орын).
2. 1974 ж. Павлодар қаласы. Спорттық шеберлікті жетілдірудің жоғары мектептері арасындағы біріншілік. 10-класс (110 кг. – серпу, 140 кг. – жұлқу).
3. 1974 ж. Қазақстан Республикасының біріншілігі. Степногорск.
3-орын.
4. 1974 ж. Қарағанды. Одақтық студенттер ойыны. (75 кг.салмақта
1-орын).
5. 1974 ж. Қазақстанның жастар арасындағы чемпионаты, Шымкент. (Мұнда Гайдар серпуден 133,5 кг. салмақ көтеріп, өзіне дейін сегіз жыл тұрған Қазақстанның ересектер арасындағы рекордын жаңартты).
6. 1975 ж. Студенттердің Бүкілодақтық ойындары. Магниторогорск. КСРО спорт шеберлігінің нормативін орындау.
7. 1977 ж. Қазақстан чемпионаты. Жастардың студенттік ойындарының бағдарламасы бойынша. Шымкент. 1-орын.
8. 1977 ж. Бүкілодақтық жастар ойындары. Минск. 1-орын, ересектер бағдарламасы бойынша 2-орын.
9. 1977 ж. – «Спартак» орталық қоғамының біріншілігі. 1-орын.
10. 1977 ж. – Жоғары оқу орындары арасындағы республика біріншілігі. Қарағанды. Жеңімпаз.
11. Тағы да «Спартак» қоғамы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпион. 1977 ж. Витевск облысындағы Новопольск қаласы.
12. 1977 ж. Халықаралық жарыс. Стамбұл. Түркия, ІІ-орын.
13. 1977 ж. Халықаралық жарыс. Гавана, Куба, ІІІ-орын.
14. 1978 ж. Халықаралық жарыс. Батыс Германия, Мюнхен. І-орын.
15. 1978 ж. Халықаралық жарыс. Моңғол Халық Республикасы, Ұлан-Батор. І-орын.
16. Халықаралық жарыс. Болгария. 3-орын.
17. Халықаралық жарыс. Польша. Анжей Чеховскийден кейін 2-орын.
18. 1976 ж. КСРО-ның жастар арасындағы біріншілігі. Мұнда Гайдар Ю.Варданян сияқты әлемнің, Олимпиаданың болашақ чемпиондарын артқа тастап, бірінші орын алды.
19. Қазақстан Республикасының біріншілігі. Шымкент. Жеңімпаз. Серпе көтеруден 140,5 кг. көтеріп, тағы да Қазақстан рекордын жаңартты.
20. Қазақстан біріншілігі. Қарағанды. І-орын.
21. Жастар арасындағы одақтық біріншілік. Вильнюс. І-орын.

Мен бұл жерде Гайдар Саржановтың жүлде алған жеңімпаз болған басты-басты жарыстарын ғана айтып отырмын. Осының өзінен-ақ оның спортта қалдырған ізін, адами жүзін көруге болады деп ойлаймын.
Гайдардың арманы 180-ні құрсын, сол бір бес келіні көтеру, жақын да қашық сол дүниенің түбіне жету еді ғой.
Оның уайымы да, менің пайымым да сол.

Әбжан ӘБІЛТАЙ

 

Сәйкес жаңалықтар

Текеліде бір мезгілде Мемлекеттік Ту шеруімен велосипедшілер дауыс берді

bairakkz

AFC ПРОМОУТЕРЛІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТУРНИР ӨТКІЗУДЕГІ БАСТЫ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ

Ришат

Жарқ етіп, мәңгі сөнген жұлдыз

bairakkz