Сүйінші, ақсарбас! Ресейдің Благовещенск қаласында «Амурдағы чемпиондардың шайқасы» атты каратэнің киокушинкай түрінен өткен жарыста еліміздің намысын жыртқан жетісулық спортшы каратэден Азия және Әлем чемпионы Мерей Сүйінов жеңіспен оралды. Осыған орай ел абыройын асқақтатқан спортшыны күтіп алдық.

Жиын грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың алғысөзімен бастау алды.
– Бүгін біз үлкен қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Амурдағы чемпиондар айқасынан жеңіспен оралу толағай табыс. Мерей ел мақтанышы! Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің арқасында келетін дүние. Осы тұрғыдан алғанда бауырымыз жат жерде жүріп, еліміздің соның ішінде Алматы облысының саңлақтары мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спортта Мерей секілді азаматтарымыз көп болсын. Алаштың абыройы арта берсін. Мерейдің жеңісі қазақ елінің жеңісі, – деп ізгі тілегін білдірді.

