Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға тоқталды, деп хабарлайды bairak.kz.
Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі, біз – әлеуметтік елміз, – деді ол.
Президент халықты әлеуметтік қолдау жүйесімен қамтамассыз ету мәселесін көтерді
Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер бар. Соңғы жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырсақ, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары; Қазақстан бойынша – 6,01. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді, – деді Тоқаев.
Тоқаев мұқтаж жандардың барлығына тиісті көмек көрсетілетінін алға тартты.
Қандай жағдай болса да, мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайды. Мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс, – деді президент.
Оған қоса жаңа металдардың көзін ашуға қатысты да сөз қозғалды.
Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы тек өзіміздің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге өз жұмысымызды істеп бермейді. Бұл – Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз – деді мемлекет басшысы.