Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омарқа қатысты апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, биыл сәуір айында Жақсылық Омар пара алу және алаяқтық жасау фактілері бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған.
ШҚО соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталған тарап пен қорғаушылар тағайындалған жазамен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Олар жазаны шамадан тыс қатаң деп бағалап, айыптардың саралануына да күмән келтірген.
Алайда апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды әрі негізді деп таныды.
Сот алқасы бірінші сатыдағы сот сотталған адамның әрекеттерін дұрыс саралаған және жаза заң талаптарына сәйкес тағайындалған деген қорытындыға келді, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот алқасы сыбайлас жемқорлық қылмыстары мемлекеттік билік беделіне және қоғам сеніміне айтарлықтай нұқсан келтіретінін атап өтті.
