Белгілі әнші Қарақат Әбілдина жұбайы Қыдырәлі Болманов денсаулығына байланысты ауруханаға түскенін мәлімдеді.
Өнер иесінің айтуынша, Қыдырәлі аяқ астынан өзін жайсыз сезініп, тынысы тарылып, жағдайы күрт нашарлаған.
«Кім ойлаған бұлай боларын? Кеше үйде Астанада өтетін концерттің дайындық жұмыстарымен отырғанбыз. Аяқ астынан Қыдыркен өзін жайсыз сезініп, тынысы тарылғандай болып, қатты мазасы қашты. Бұрын олай ауырғанын көрмеп едім, қатты қорқып кеттім», – деп жазды Қарақат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әншінің сөзінше, дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, қазіргі таңда Қыдырәлінің жағдайы тұрақталған. Алайда мамандар оған кем дегенде 15 күн ем қабылдап, осы уақыт аралығында сахнаға шықпау керектігін ескерткен.
Осы жағдайға байланысты жоспарланған концерттің күні өзгертілді.
«Сәуір айынан бері басталған ән сапары біз үшін оңай болған жоқ. 12 мың шақырым жол жүрдік. Бірақ Қыдекеме көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір аяқ астынан осындай жағдай болды. Сондықтан жоспарланған концертті кейінге шегеру туралы шешім қабылдадық», – деді әнші.
Осылайша, 18 мамырға жоспарланған концерт енді 18 маусым күні өтеді.
Желі қолданушылары да алаңдаушылық білдіріп, Қыдырәліге ақ тілектерін жаудырды.
«Алла шипасын берсін!», «Тезірек сауығып кетіңіз!», «Құлан-таза айығып шығыңыз!» деп жазды оқырмандар.
Айта кетейік, 19 мамыр Қыдырәлі Болмановтың туған күні.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
