2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекс жаңа 232-1-баппен толықтырылды. Ол дропперлік әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады, деп хабарлайды bairak.kz.
ІІМ түсіндіргендей, банк шоттарына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе сатып алу, сондай-ақ бөтен адамдарға сыйақы үшін банк картасын ұсыну дропперлікке жатады. Мұндай әрекеттер интернет-алаяқтықтың негізгі тетіктерінің бірі болып, ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға және сыртқа шығаруға пайдаланылады.
232-1-бапқа сәйкес, құқық бұзушылықтың ауырлығына және келтірілген зиян көлеміне қарай айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Жаңа ереже кибералаяқтықпен жүйелі күресті күшейтуді, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғауды және цифрлық ортада жұмыс істейтін қылмыстық топтардың жолын кесуді мақсат етеді.
