Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Демократиялық Конго Республикасында Эбола безгегінің жаңа өршуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Ұйымның мәліметінше, індеттен қайтыс болғандар саны соңғы аптада екі есеге жуық артқан, деп хабарлайды bairak.kz.
Соңғы деректерге сәйкес, ауру жұқтырудың расталған 38 жағдайының 31-і өліммен аяқталған. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 16 ғана болған еді. ДДСҰ мамандары вирустың қарқынды таралып жатқанын айтады.
Эпидемиологиялық тергеу нәтижесінде 900-ден астам адам науқастармен байланыста болғаны анықталды. Індет ошағында жедел түрде вакцинация науқаны басталды: қазіргі таңда 500-ден астам медицина қызметкері мен байланыста болған адамдарға екпе салынды.
Эболаның жаңа өршуі 5 қыркүйекте елдің оңтүстігінде, Анголамен шекаралас Касаи аймағындағы Булапе елді мекенінде тіркелген. Қазір індет тек екі ауданда ғана емес, төрт ауданға таралып үлгерген. Бұл туралы Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығы хабарлады.
ДДСҰ өкілдері қосымша вакцина партиялары алдағы күндері жеткізілетінін мәлімдеді. Алайда логистикалық қиындықтар мен қойма тапшылығы бұл үдерісті баяулатуда.
