АҚШ президенті Дональд Трамп парацетамол дәрісінің балалар арасында аутизмнің артуына ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол консервативті белсенді Чарли Киркті еске алу іс-шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды bairak.kz.
АҚШ-та парацетамол Tylenol (ацетаминофен) атауымен кеңінен белгілі.
«Біз аутизмнің себебін тапқан сияқтымыз», – деді Трамп. Ол бұл тақырыпты өз командасының ең маңызды бастамаларының бірі деп атады.
Бұған дейін АҚШ денсаулық сақтау министрі Роберт Ф. Кеннеди (кіші) елде аутизм жағдайларының өсуін қоршаған ортаның зиянды факторларымен байланыстырған еді.
Алайда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және басқа да елдердің дәрігерлері парацетамолды жүкті әйелдер үшін ең қауіпсіз ауырсынуды басатын әрі қызуды түсіретін дәрі деп атайды.
«Парацетамол – жүктілік кезінде ұсынылатын бірінші кезектегі дәрі. Оны қабылдау баланың денсаулығына зиян тигізбейді», – делінген Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) нұсқаулығында.
Соңғы жылдары жүргізілген ірі ғылыми зерттеулер де жүктілік кезінде парацетамол қабылдау мен балалардағы аутизм спектрі бұзылыстары арасында ешқандай байланыс таппаған.
Айта кетейік, АҚШ-та Tylenol препаратына қатысты бірқатар сот істері қозғалған. Ата-аналар мен белсенділер өндіруші компанияларды ықтимал қауіп туралы ескертпеді деп айыптады. Алайда 2024 жылы федералды сот бұл талаптарды қанағаттандырмады, себебі сенімді ғылыми дәлелдер табылмаған.
