Жамбыл облысы Шу аудандық соты ата-анасы жол апатынан қаза тапқан ағайынды төрт жігіттің шағымын қарап, олардың талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды bairak.kz.
Іс материалдарына сәйкес, төрт баланың әке-шешесі 2023 жылы бір сәтте жол-көлік оқиғасынан көз жұмған. Қайғылы жағдайдан кейін балалардың өзі де ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болған. Соның салдарынан олар мұраны белгіленген мерзімде рәсімдей алмаған.
Ағайынды төрт жігіттің ата-анасы аяқ астынан қаза тапқандықтан, өсиет қалдырылмаған. Үй мен өзге де мүлік заң бойынша балаларға мұра болып қалды. Алайда олар уақытылы мұрагерлік рәсімін жасай алмаған, – делінген Шу аудандық сотының хабарламасында.
Кейін олар ата-анасының үйін заңды түрде иелену үшін уәкілетті органдарға жүгінген. Бірақ белгіленген мерзім өтіп кеткендіктен, мұрагер болуға құқығы шектелген. Осыған байланысты ағайынды жігіттер мұрагерлік мерзімін қалпына келтіруді талап етіп, Шу қаласының әкіміне қатысты сотқа шағым түсірген.
Сот арызданушылардың ұзақ уақыт емделгенін және өмірлік қиын жағдайға тап болғанын ескеріп, мұрагерлікті қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады сот өкілдері.
