Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Ұлттық Банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді

azattyq-ruhy.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме жылдық 18% деңгейінде, дәлізі +/- 1 пайыздық пунктпен белгіленді, деп хабарлайды bairak.kz.

Банк мәліметінше, бұл шешім инфляцияның үдеуі, ішкі сұраныстың ұсыныстан артуы және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит жағдайларының жұмсаруы нәтижесінде қабылданған. Бұл факторлар бағаның шамадан тыс өсуіне қауіп төндіріп, инфляцияны бақылауда ұстау қажеттілігін туғызған.

Ұлттық Банктің дерегінше, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша инфляция өсу үстінде. Жылдық инфляция қыркүйек айында 12,9%-ға жетіп, тамыздағы 12,2%-дан асып түсті және болжамнан жоғары болды. Азық-түліктің жекелеген түрлері едәуір қымбаттап жатыр. Бұл өндіріс шығындарының артуымен және импорт бағасының өсуімен байланысты. Сонымен қатар, сервистік инфляция да жоғары деңгейде қалып отыр — 15,3%. Бұған реттелетін қызметтер бағасының (30,4%) және нарықтық қызметтердің қымбаттауы әсер етті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы да үдей түскен. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларының әсерінен отын бағасы бір жылда 11,9%-ға, ал қыркүйекте ғана 3,4%-ға өсті.

Айлық инфляция тамыздағы 1,0%-дан 1,1%-ға дейін жеделдеді. Маусымдық және базалық факторлар алынып тасталған инфляция да тиісінше 1,2% және 1,3% деңгейінде тіркелді. Бұл баға өсуінің тұрақты сипатын және инфляциялық қысымның екінші деңгейлі әсерлерін көрсетеді.

Халықтың инфляцияға қатысты күтулері әлі де жоғары. Алдағы 12 айға арналған болжамдар айтарлықтай құбылмалы күйінде қалып отыр. Нарық сарапшыларының биылғы жылға арналған күтілімдері де 11,3%-дан 12%-ға дейін өскен.

Сыртқы факторлар да қысым көрсетіп отыр. Әлемдік азық-түлік нарығында ет пен өсімдік майы секілді өнімдер бойынша баға рекордтық деңгейге жеткен. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаларға да әсер етуде.

Ресейдегі инфляция салыстырмалы түрде жоғары болса да, баяулау белгілері байқалады. Ал Еуропалық одақта инфляция тұрақты деңгейде сақталып, Еуропа орталық банкі мөлшерлемені өзгертпей отыр. АҚШ-тағы Федералдық резерв жүйесі де инфляциялық қысым мен макроэкономикалық белгісіздік жағдайында мөлшерлемені төмендету бағытына көшкен.

Ұлттық Банк атап өткендей, базалық мөлшерлемені арттыру — инфляцияның бақылаудан шығуына жол бермеу және экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатында жасалған шешім.

Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2025 жылғы 28 қарашада, Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланбақ.

Сәйкес жаңалықтар

Ақтөбеде 11 адам қар құрсауында қалып қойған

bairakkz

ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ НЕГЕ ЧЕМПИОН БОЛЫП ЖҮР ?

bairakkz

ШҚО-да әскери қызметші көз жұмды

bairakkz