Мұнайлы ауданындағы №6 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Қымбат Сағынбекқызы Таңатарова – өз ісіне шын берілген, ізденімпаз әрі жаңашыл педагог. Еңбек өтілі небары төрт жыл болса да, ұстаздық жолында кәсіби шеберлігімен, заманауи ойлауымен және шәкіртке деген шынайы ықыласымен танылып келеді.
Қымбат ұстаздың ағылшын тіліне қызығушылығы жасөспірім шағынан басталған. Тіл үйренудің тереңіне бойлаған сайын ол бұл пәннің тек грамматикалық ережелер мен жаттаулар жиынтығы емес, әлемге деген жан-жақты көзқарасты қалыптастыратын үлкен таным екенін түсінеді. Сол сәттен бастап ағылшын тілін өз өмірінің басты бағыттарының бірі ретінде таңдап, педагог болуға шешім қабылдайды.
Мен үшін педагогика саласы – орасан жауапкершілік. Әдіс-тәсіл көп, бірақ әрқайсысын орнымен қолдану қажет. Сабақтың мақсаты мен мазмұнына қарай әдіс таңдағанда нақтылық пен тиімділікке басымдық беремін, – дейді Қымбат Сағынбекқызы.
Ол үшін ұстаздың жетістігі шәкіртінің жетістігімен өлшенбейді. Ең бастысы – бүгін үйреткенін оқушысының ертең өмірде қолдана алуы.
Егер менің оқушым ағылшын тілінде еркін сөйлей алса, ойы мен сезімін жеткізе білсе, менің кәсіби миссиям орындалды деп білемін, – дейді ол.
Қымбат Сағынбекқызы тек сабақта ғана емес, түрлі кәсіби байқаулар мен жарыстарда да белсенді. Ұстаздар арасында өтетін дебат турнирлері мен жыл сайынғы мұғалімдер спартакиадасында жүлделі орындарға ие болған. 2023 жылы Мұнайлы ауданында өткен «Үздік ағылшын тілі мұғалімі» байқауында І орынды жеңіп алып, өзінің кәсіби деңгейін дәлелдеді. Ал 2024-2025 оқу жылында аудан жетістігіне қосқан үлесі үшін Мұнайлы ауданының әкімі Е.Күмісқалиевтің Алғыс хатымен марапатталды.
Қымбат мұғалім оқушылардың сөздік қорын дамытуда тек жаттатып қоймай, өзара қарым-қатынас жасауды жөн санайды. Оның айтуынша, бағдарламалық кітаптардың мазмұн айырмашылығы (мысалы, 5-7 сыныптарда English Plus, ал 6-8 сыныптарда Excel қолданылуы) кейде оқушы мен мұғалімге қиындық туғызады. Сол себепті ол сабақ барысында оқу материалының күрделілігін оқушы деңгейіне бейімдеп, қызықты әрі қолжетімді етуге тырысады.
Жас педагогтың болашаққа жоспары да айқын. Ол ең алдымен оқушылардың психологиялық әлеуетін арттыруды мақсат тұтады.
Егер баланың ішкі сенімі мен рухани тепе-теңдігі дұрыс болса, онда оқу да, үйрету де жеңіл болады. Психологиялық қолдау – білімнің іргетасы, – дейді ұстаз.
Қымбат Таңатарова – кәсібіне берілген, заман талабына сай ізденіп жүрген жаңа буын мұғалімдерінің жарқын өкілі. Ол үшін әр сабақ – оқушымен тіл табысу алаңы, ал әр оқушы – болашақтың үлкен мүмкіндігі. Осындай жас та болса жанашыр ұстаздар барда білімнің көкжиегі де кеңи бермек
