Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

Сөз өнерін серік еткен ұстаз

Маңғыстаудың Бейнеу ауданындағы Ақжігіт ауылында орналасқан М.Бегенов атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары тәжірибелі маманы еңбек етеді. Ол – отыз жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз Болар Сәттіғұлқызы Көбегенова.

Ұстаздық жолды таңдау оның бала күнгі арманынан басталған. Қазақ тілі мен әдебиетін таңдауының сыртында Адаев Шеркешбай ағайға деген құрмет пен ризашылық жатыр. Ұстазының сабақ түсіндіру мәнері, сөздің құдіретін сезіндіруі жас Болардың жүрегінде қашан да жаңғырып тұратын. Университетке түсер шақта басқа пәнге бағыттағандар болса да, ол өз жүрегінің дауысын тыңдап, әдебиетті таңдады. Себебі оның болмысы сөз өнеріне бейіл еді.

«Әдебиет – өнер, сөз өнері», – дейді Болар Сәттіғұлқызы. Бұл – оның күнделікті сабағының да басты қағидасы. Қазақ әдебиетінің тереңдігін, тілдің иірімін ұрпақ жанына сіңіру үшін шынайылық, талпыныс, уақыт және талант керегін жақсы түсінеді. Сол себепті оның әр сабағы – балалар үшін білім алу ғана емес, ұлттық құндылыққа бастайтын рухани сапар.

Бұл кісі сабақтарын жанды, қызықты әрі ерекше ету үшін сан алуан белсенді әдіс-тәсілдерді қолданады. «Бес неге?», «ПОПС формуласы», «SWOT талдауы», «Балық қаңқасы», «Мәтін талдау пирамидасы» сияқты әдістер оқушыларды сыни ойлауға үйретіп, шығармашылыққа жетелеп, өз ойын дәлелдеп айтуға баулиды. Әдебиет сабағында инфографика арқылы кейіпкер мінезін ашу, автор стилін талдау, мәтіннен жаңа мағына іздеу – Болар апай үшін үйреншікті үрдіс.

Ұстаз тек сабақты қызықтырумен шектелмейді. Ол – шәкірттің жүрегіне жан бітіретін тәлімгер. Мектептегі «Жас қалам» үйірмесінде болашақ ақын-жазушыларды дайындап, эссе мен әңгіме жазудың қыр-сырын үйретеді. Ал драма үйірмесі арқылы көркем шығармаларды сахнаға шығарып, балалардың актерлік қабілетін ашуға ықпал етеді. Балалардың шығармашылықпен тыныстауы – екі мектептің бірінде кездеспейтін тың әдіс.

Үздіксіз ізденіс пен еңбектің арқасында Болар Сәттіғұлқызы білім беру саласында біраз биікті бағындырды. Ол – аудандық «Жыл мұғалімі» байқауының, «Тілші мұғалімдер» сайысының жеңімпазы. Десе де, ол үшін ең мәртебелі марапат – шәкіртінің жетістігі. «Шәкірті шыңға шықса, ұстазы тауға шығады» деген сөзді ол күн сайын дәлелдеп келеді. Әрбір оқушысы биіктен көрінген сайын Болар апайдың жүрегі жаңаша шабыттанады, жыр жазуға құлшынады.

Отыз жылдық еңбек жолы – рухани сабақтастықтың, адалдықтың, ізгіліктің тарихы. Болар Сәттіғұлқызы әр шәкіртін білім өріне жетелеумен қатар, сөз өнерінің биігіне бастап, ұлттық құндылықтың нәрін жанына жұғысты етуге барын салып жүр. Сөзге жан бітіріп, өнерді ұрпаққа аманаттап жүрген Болар ұстаз – өзінің адами риясыздығымен, парасатымен, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігімен ауылдың рухани шамшырағына айналған жан.

Сәйкес жаңалықтар

Түркия мен Ресейдегі отандастарымыз сайлауға белсенді қатысуда

bairakkz

Мемлекетке 8 су қоймасы қайтарылды

bairakkz

Ұлттық университет – Ұлы даланың білім шаңырағы

bairakkz