Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Шерлі Шәміл

Шәмілдің күресі нағыз спектакль еді. (Жақсылық Үшкемпіров)
Олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, даңқты балуан Шәміл Серіковке кезінде әлемге әйгілі күрес мамандарының қатты сүйсінетін. Себебі, қазақ балуаны қалыпқа сыймайтын, ерекше дарын иесі еді. Бүгін оқырман назарына өмірден ерте кеткен Шәмілдің боз кілемдегі қайталанбас сәттері туралы нақты деректерді, біртуар балуан туралы дүние жүзіне белгілі мамандардың пікірлерін ардагер майталман журналист Қыдырбек Рысбек ұсынады.

fb_img_1508751523590

1978 жыл
КСРО чемпионаты

Финалға дейін 5 белдесуде қарсыластарын таза жықты. Шешуші сында Олимпиада чемпионы, ресейлік Виталий Константиновты 11:3 есебімен еркін еңсерді. Бұған дейін Константинов Одақ чемпионатында ешкімнен дәл осылай ойсырай ұтылып көрмеп еді. Ол кезде грек-рим күресінен әлемдегі ең мықты мемлекет Кеңес одағы болатын. КСРО чемпионатын дәл Шәміл секілді емін-еркін ұтқан балуан тарихта тым сирек кездеседі. Қазіргі қазақ балуандары Шәмілге еліктесе, Шәміл шыңына тәуекел етсе, алаш ұлдарының боз кілемдегі несібесі мол болар еді..

1978 жыл
Әлем чемпионаты

Финалға дейін 5 қарсыласын аса қиналмай ұтқан Шәміл шешуші белдесуде Германия балуаны, кейін әлем чемпионы болған Паскуале Пасареллиді 29:9 есебімен тас-талқан қылды. Мұндай есеп гандболда немесе регбиде ғана болады. Күресте мұндай есеппен әлем чемпионы атану заманынан озып туған адамның ғана қолынан келеді. Сол тұстағы әлем чемпионаттарының финалында Шәміл Серіковтен басқа бірде-бір балуан қарсыласын дәл осындай ірі есеппен ұтқан емес. Осы жерде алаш жұртшылығы үшін маңызды тарихи деректі келтіре кетейік. Шәміл бұл чемпионатта жеке-дара шығумен қатар,қазақ спортшыларынан бірінші болып дүние жүзінің чемпионы атанды.

1980 жыл
Мәскеу олимпиадасы

1. Шәміл бірінші белдесуде бельгиялық Жульен Мевисті кеудесінен асыра лақтырып, 2 минут 28 секундта таза жықты.
2. Екінші кезекте румын Михал Боцилды 1 минут 25 секундта тізе бүктірді.
3. Үшінші сында итальяндық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді.
4. Төртінші белдесуде чех Иожеф Кристаны 15:3 есебімен ойсырата ұтты. Бұл бәсекеде Шәміл қарсыласын үш рет кеудесінен асыра лақтырды, екі рет етпетінен түсіріп, төрттағанға салды. Екі рет партерден аунатты. 7 минут 58 секундта төреші Кристаны сылбыр қимылы үшін жарыстан алып тастады.
5. Шәміл бұдан кейін швед Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта таза жықты.
6. Финал. Шәміл Серіков – Юзеф Липень (Польша) – 11:4.
Алла Тағала ғаламат дарын сыйлаған балуан ғана Олимпиада ойындарын дәл осылай ұтса керек. Бұл тек құрғақ күшпен ғана келетін жеңіс емес. Шәміл ақыл-ойы, еңбекқорлығы, табиғи бейімі терең ұштасқан балуан. Жаратқан ие Шәміл пендесіне балуандық қабілетті молынан бере салған екен. Осындай азаматтың қазақ болғаны біздің халықтың бойында балуандықтың мол қазынасы бар екенін білдірсе керек. Олай болса, қазақтан грек-рим күресі бойынша 19 жылдан бері әлем чемпионы неге шықпай жүр? Бойында қазақы қаны бар қаладағы қарадомалақтар, ауылда мал жайлап, су тасып жүрген, оқу күнделігі төрт пен беске толы алаш баласы, осы жағын терең ойлап көрші…

Қадірлі оқырман! Біз Шәмілді толық зерттеген жоқпыз. Шәмілдің күресінен Алматыдағы спорт академиясында, елдің әр қиырындағы спорт мектеп-интернаттарында, күрес мектептерінде арнайы дәріс оқылса, балалар Шәміл туралы шығарма жазса, қазақтың небір алғыр балалары Серіковтей боламын деп, құлшынар еді, қолына қағаз-қалам алып, ойға, терең талдауға жүгінер еді. Амал не, қазіргі бапкерлер мен балуандардың басым көпшілігі Шәмілді зерттемек түгілі, бір бет күнделік жазуға ерінеді. Бойдағы қажыр-қайратың, үйренген әдіс-айлаң, талабың ақыл-оймен, ізденіспен, біліммен суарылмаса, боз кілемде Шәмілдей күресемін деу бекер.
Қазақ баласы, қазіргі әлемдік спорт ғылымға арқа сүйеп отыр. Олимпиада мен әлем чемпионатының шыңына нағыз ғалым бапкердің ғана шәкірті шыға алады. Осыны жадыңа мықтап сақтағаның дұрыс. Қазіргі қазақ балуандарында күш те, әдіс-айла да, тегеурін де бар. Тек бапкерлердің шығармашылық ізденісі кем соғып жатыр. Сосын алтыбақан алауыздыққа тізгін бермеуіміз керек.
Табиғатынан балуандыққа бейім Шәміл Серіковтің тәлімгерлері Алдабергенов пен Жарков білімді, білікті жаттықтырушылар болатын. Ал ХХ ғасырда әлем күресін мойындатқан, боз кілемнің академигі Вадим Псарев ірі жарыстарға дайындық кезінде, сондай бәсекелер үстінде үнемі Шәмілдің қасында болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді аталарымыз.
Шәміл отыз үш жасында өмірден озды.

«Он был из породы гениальных борцов». Ян Дымов, ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері, Украинаның еңбек сіңірген журналисі, күрестің білгір маманы.

Сәйкес жаңалықтар

Данияр Қасқарауов: «Қазақстанда ММА спорты қарқынды дамып келеді»

Ришат

АУДАНДЫҚ АШЫҚ ТУРНИР

bairakkz

ӘЧ-2018. ОН АЛТЫ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЖЕҢІС

bairakkz

Пікір жазу