Адам өміріндегі ең үлкен бақ – өз орнын табу, ал сол орнын тапқан жанның ең биік мұраты – қоғамға пайдам тисе деген ниетпен адал қызмет ету. Маңғыстау ауданына қарасты Қосбұлақ ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің шебер-педагогы Гүлзира Қомшабайқызы Көкішева да осы бір ұлы мұратқа жүрегімен берілген жан.
Ұстаздық жолы 1990 жылы Үштаған ауылындағы Ленин атындағы мектептен басталған екен. Содан бері отыз бес жыл уақыт зырғып өте шығыпты. Бірақ Гүлзира Қомшабайқызы үшін бұл жылдар – бала жүрегіне жол тауып, әр шәкіртінің тағдырына жауапкершілікпен қараған ұзақ та мағыналы сапар.
Мамандық таңдауы да кездейсоқ емес. Бала күнінде өзіне білім берген ұстаздарына деген құрмет, олардың мейірімді көзқарасы мен ұлағаты жас жүрегінде шамшырақтай жанып, болашаққа бағдар берген. Сол ықылас оны бастауыш сынып мұғалімі болуға жетеледі. Ал уақыт өте келе сол бала арманы – тұтас бір мектептің даму үдерісіне үлес қосқан, жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздың ғұмырына айналды.
Қазіргі таңда ол – Президент тапсырмасымен салынған «Келешек мектеп» жобасының аясындағы №1 мектептің тәжірибелі де беделді педагогы. Жаңашылдыққа ұмтылу – Гүлзира Қомшабайқызының табиғи қасиеті. Оқушы психологиясын, жас ерекшелігін, сабақтың мақсатын жіті ескеріп, әр сабағына әдіс-тәсілді талғап қолданады. Пішіні бөлек, мазмұны мәнді дәрістері шәкіртті ойлануға, ізденуге, дәлелдеуге үйретеді.
Ол математикадан логикалық тапсырмалар жинағын құрастырып, оны күнделікті оқу үдерісіне енгізді. Осы еңбектің арқасында кішкентай оқушылары облыстық, республикалық білім бәсекелерінен жүлдемен оралып жүр. Ал бұл – ұстаз үшін ең үлкен мәртебе.
Тек математика емес, әдебиеттік оқу саласында да тың бастамалар жасады. 3-сыныпқа арналған «Мәтінмен жұмыс барысында ақпаратты табу дағдысын дамыту» бағдарламасын әзірлеп, оны тәжірибеде сынап көрді. Бұл бағдарлама оқушыны жүйелі ойлауға, мәтіннен негізгі мәліметті тез анықтауға, ақпаратты сұрыптап қолдануға үйретеді, PIRLS, PISA секілді халықаралық зерттеулерге ерте жастан даярлайды. 2022-2023 оқу жылында жүргізілген тәжірибе нәтижелі болып, білім сапасы көтерілді. Ал одан кейінгі жылы 4-сыныптың ББЖМ тестінен оқу сауаттылығы бойынша 100% сапа көрсетуі бұл тәсілдің тиімділігін әбден дәлелдеді.
Гүлзира Қомшабайқызы үшін бала тәрбиесі білім берумен қатар тұрады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби қағидасын әр ісінде басшылыққа алады. Сыныпта ата-анамен байланыс ерекше берік. Әр түрлі тәрбие сағаттарын ата-аналардың өздері ұйымдастыруына мүмкіндік беру – оның ең ұтымды әдістерінің бірі. «Тазалык – денсаулық кепілі», «Тәрбие тал бесіктен басталады», «Адал достық» сияқты ата-аналар жүргізген сабақтар – мұғалім, ата-ана және бала арасындағы сенімді нығайтқан игі бастама.
Ұстаз еңбегінің ең тәтті жемісі – шәкірт жетістігі. Гүлзира Қомшабайқызының шәкірттері талай мәрте аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарып келеді. Соның ішінде Қаршыға Нұртілектің «Бастау» математикалық турнирінің республикалық кезеңінде жүлдегер атануы – ұстаз еңбегінің айқын көрсеткіші. «Бұл – менің ең үлкен марапатым» деуі де сондықтан.
Бұл кісінің көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып та келеді. Республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінде» үздіктер қатарынан көрінді. 2021 жылы сол кездегі министр А.Аймағамбетовтің Алғыс хатын иеленсе, 2024 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. Бұл марапаттар – оның білім саласындағы орнықты еңбегіне берілген әділ баға.
Гүлзира Қомшабайқызы – тәжірибелі мұғалім ғана емес, бала тәрбиесіне шын берілген, үнемі ізденіс пен жаңашылдықтың жолындағы ұлағатты ұстаз. Оның әр күні – шәкірт жүрегінде із қалдыруға бағытталған еңбектің жалғасы. Ал сондай жанның маңдай терімен түлеген бір ғана шәкірттің жетістігі жүз мұғалімге шабыт береді. Ұстаз үшін бақыттың үлкені де осы болар!
