Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақЖаңалықтар

Алгебра оқулығының авторы — ұстаздықтың үлкен өнегесі

Кез келген мектептің ең үлкен байлығы – өз ісінің шынайы жанашыры болған ұстаз. Осындай үлкен жүректі, адалдық пен табандылықты ту еткен жандардың бірі – Ақтау қаласындағы №23 мектептің математика пәнінің мұғалімі, педагог-мастер, «Қазақстан Республикасының үздік педагогы» байқауының жеңімпазы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Ирина Ивановна Строева.

Ирина Ивановнаның тағдыры мен тағылымы – нағыз ұстаздықтың көркем жолы. Ресейдің Грозный қаласында туып-өскен ол 1988 жылы Л.Толстой атындағы Чешен-Ингуш мемлекеттік университетін «математика» мамандығы бойынша тәмамдайды. Сол бір жас шағында-ақ ол үшін математика жай ғана ғылым емес, логика мен тәртіпті, дәлдік пен ізденісті үйрететін үлкен әлем еді.

1991 жылы тағдыр оны Каспий жағалауындағы Шевченко қаласына (қазіргі Ақтау) алып келеді. Сол жылы ол №23 мектептің табалдырығын аттап, алғашқы сабағын жүргізеді. Ал бұл мектеп оның бүкіл еңбек өмірінің алтын діңгегіне айналатынын ол кезде әлі білген де жоқ. Міне, содан бері отыз бес жылға жуық уақыт бойы бір білім шаңырағында тынымсыз еңбек етіп келеді.

Жылдар өткен сайын оның кәсіби деңгейі биіктей түсті. Ирина Ивановна Маңғыстау облысындағы алғашқы әйелдер форумының және ҚР әйелдер съезінің делегаты болды. «Қанатты әйел» өңірлік және республикалық көрмелерінде өзінің авторлық әдістемелерін – математикалық тренажёрлар, оқыту ойындары, 5–6 сыныптарға арналған анықтамалық құралдарын ұсынып, арнайы дипломдармен марапатталды. Оның ғылыми-әдістемелік еңбектері бүкіл облыс көлемінде танылған.

Ұстаздың әдістемелік көзқарасы – оқушыны құрғақ теориямен шаршатпай, математиканы өмірге жақындату. Сабақтарында ойын элементтері, интерактивті тренажёрлар, сан түрлі форматтағы тестілер, қозғалысқа негізделген жаттығулар кеңінен қолданылады. Геометрияны географиямен, математикалық анализді физикамен байланыстыратын интеграциялық сабақтар балалардың ойлау көкжиегін кеңейтеді. Оның сабағында балалар есепті қимылмен, ойынмен, кейде спорттық эстафетамен шешеді. Осы әдіс оларды ойлануға, әрекет етуге және оқу процесіне еркін араласуға үйретеді.

Тек пәндік білім емес, шығармашылық пен зерттеушілік ойлау – ұстаздың басты мақсаты. Оқушылар өз есептерін ойлап табады, ғылыми жобалар жасайды, топтық жұмысқа қатысады. Заманауи платформаларда материал жариялап, әріптестерімен тәжірибе алмасуы, қашықтықтан оқыту ресурстарын тиімді қолдануы да – оның жаңашылдығын танытады. Оқушылары олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.

Ирина Ивановна балаларды ғылымға ғана емес, адамдық жауапкершілікке де баулиды. Оның бастамасымен мектепте «Жасыл отрядтар» құрылып, оқушылар ЭкоМаңғыстау және «Taza.likee» акцияларына қатысады. Ал жоғары сынып оқушылары «Математика + Экология» бағыты бойынша жобалар жасап, туған өңірдің табиғи ахуалына талдау жасайды. Бұл бастамалар балалардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлкен септігін тигізіп келеді.

2021 жылы Ирина Ивановнаның басшылығымен құрылған шығармашылық топ «Маңғыстау облысының геометриясы» атты ерекше жобаны дүниеге әкелді. Бұл жоба қалалық, облыстық байқауларда жүлдегер атанып, кейін XVI халықаралық «Математика және жобалау» конкурсында ІІ орын алып, оқушылардың ғылыми әлеуетін дәлелдеді. Бұл жеңіс – оның оқушыларға берген білімінің, дұрыс бағыт-бағдарының көрінісі.

Ұстаздың тағы бір үлкен кәсіби табысы – 7-сыныпқа арналған «Алгебра» оқулығын жазуға қатысуы. Лондон Білім институтының кураторы жетекшілік еткен бұл жоба барысында Ирина Ивановна авторлық топ құрамында жұмыс істеп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Ирина Ивановна Строева – Маңғыстау өңірінің ұстаздық абыройын асқақтатқан тұлға. Оның көп жылдық тәжірибесі, жаңашылдыққа ұмтылған әдістемесі, шәкірт жүрегіне жол таба білуі жас мұғалімдерге үлгі.

Ұстаздың өмір жолы – еңбектің, адалдықтың, ізденістің және балаға деген шексіз махаббаттың шынайы көрінісі. Осындай парасатты жандарды мақтан тұтамыз!

Сәйкес жаңалықтар

В селе Актекше проголосовало 100% избирателей

bairakkz

 «Бағанашыл» балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтін болды

bairakkz

Спорттағы қазақ тілі, халің қалай? 1-бөлім

Ришат