Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Қазақстанда енді алаяқтар қоңырау шалған телефон нөмірлері бірден бұғатталады

Фото: ru.freepik.com

Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңа ереже қабылданды. Енді алаяқтардың қоңырауы немесе хабарламасы тіркелген телефон нөмірлері уақытша бұғатталатын болады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, күмән тудырған нөмірлер екі күн бойы арнайы жүйеде тексеруден өтеді. Осы уақыт аралығында абонент өз нөмірін пайдалана алмайды.

Министрлік комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабеновтің айтуынша, бұғаттау үдерісі бірнеше мекеменің өзара байланысы арқылы жүзеге асады:

Ұлттық банкке қарасты антифрод жүйесіне құқық қорғау органдары, екінші деңгейлі банктер және ұялы байланыс операторлары қосылған. Егер нөмір арқылы алаяқтық әрекет расталса, ақпарат операторға қайта жолданып, нөмір біржола бұғатталады. Кейін іс құзырлы органдардың қарауына беріледі, – деді ол.

Жаңа ереже тек бұғаттаумен шектелмейді. Енді бір адамға 10-нан артық SIM-карта рәсімдеуге тыйым салынады. Сондай-ақ алғаш рет «биометриялық деректер» ұғымы енгізілмек. Бұл жүйе арқылы азаматтардың бет-әлпеті мен жеке мәліметтері сәйкестендіріліп, бірыңғай базаға тіркеледі.

Сонымен қатар байланыс операторлары тұрғындардың байланыс сапасына қатысты шағымдарын тәулік бойы қабылдауға міндеттеледі. Жаңа талаптар 18 қарашадан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, шілде айынан бері елде IMEI-коды тіркелмеген телефондарды бұғаттау жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 200 мыңнан астам құрылғы қара тізімге енгізілген. Бұл шара да байланыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Орал қаласында алаяқтар зейнеткерді алдап, 1,3 миллион теңге аудартпақ болған. Телефон арқылы өзін «қызы» және «полиция қызметкері» ретінде таныстырған алаяқтар егде жастағы әйелге ақшаны дереу жіберуді талап еткен. Алайда полиция дер кезінде араласып, аударым жасалмай, зейнеткерді алаяқтардан қорғап қалған.

Сәйкес жаңалықтар

Екібастұзда полиция 18 млн теңгенің вейпін тәркіледі

bairakkz

Түркияның оңтүстігінде жер сілкінді

bairakkz

Қымбатшылық қысып тұр. Азық-түлік, пәтер тағы не қымбаттайды?

bairakkz