Астанада жас жігіт әскери ант қабылдау рәсімі кезінде, әскерге кетер сәттің алдында көпшіліктің көзінше сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс білдірді. Ерекше сәт 700-ден астам сарбаздың қатысуымен өтті.
Бұл әсерлі оқиға елордадағы 5573 әскери бөлімінде ұйымдастырылған ант қабылдау салтанатында орын алды. Жас сарбаз Алмас Абдрахов саптан шығып, сүйіктісі Томириске жүзік ұсынып, отбасын құруға ниетті екенін білдірді. Қуанышты сәтте болашақ қалыңдығы келісімін берді. Алмас Балтабайұлы әскери борышын өтеп оралғаннан кейін той жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Салтанатты рәсімге әскери бөлімнің жеке құрамы, сондай-ақ 3000-ға жуық ата-ана мен сарбаздардың жақындары куә болды.
Іс-шара барысында әскери бөлім командирі Жандар Әшірбеков сөз сөйлеп, әскери анттың мәні мен маңызына тоқталды.
«Әскери ант – жай ғана сөз емес, ол Отанға, елге және ата-анаға деген адалдықтың нақты белгісі. Сіздер артылған сенімді ақтап, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайықты қызмет атқарасыздар деп сенемін», – деді бөлім командирі.
Алдағы уақытта қатардағы Алмас Абдрахов бастаған сарбаздар қала аумағында және маңызды қоғамдық іс-шаралар кезінде жауынгерлік қызмет атқаруға кіріседі.
Айта кетейік, ант қабылдау рәсімі жеке құрамның саптық шеруімен және әскери техникалардың қатысуымен өткен салтанатты маршпен аяқталды.
