Астана-1 теміржол вокзалының жаңа бөлігін қайта жаңарту жұмыстары биыл қазан айының соңына дейін аяқталады. Жоба нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы 7 827 шаршы метрден 8 409 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана қаласы әкімдігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазреставрация» ШЖҚ РМК өкілдерімен бірге қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ол қазіргі таңда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқан вокзал кешенінің жаңа бөлігін аралап көрді.
Жоба аясында заманауи инженерлік және цифрлық шешімдер енгізіліп, жаңа құрылыс технологиялары қолданылуда. Сондай-ақ жолаушылар ағынының артуы, қауіпсіздік пен жайлылық талаптары ескеріліп, функционалдық жоспарлау жаңартылады.
Қайта жаңарту кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсетіп тұрған вокзалдың ескі бөлігіне де ерекше назар аударылды. Вице-министр күту залдары, массаж функциясы бар орындықтар, тамақтану орындары мен санитарлық-тұрмыстық аймақтардың жұмысымен танысты.
Айта кетейік, вокзалдың ескі ғимараты тарихи-мәдени мұра нысаны саналады. Оны қайта жаңарту заң талаптарына сай «Қазреставрация» кәсіпорны тарапынан жүргізіледі. Қазіргі уақытта тарихи келбетін сақтай отырып, ғимаратты реставрациялауға және қазіргі пайдалануға бейімдеуге арналған дайындық жұмыстары атқарылып жатыр.
Сапар қорытындысы бойынша вице-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен мердігер ұйымдарға жұмыс кестесін қатаң сақтау және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Астана-1 вокзалын жаңғырту теміржол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мен өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған.
