Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

Серік Жұманғарин елдегі азық-түліктің неге қымбаттағанын түсіндірді

Фото: primeminister.kz

Қазақстандықтар супермаркеттердегі бағаның өсуіне шағымданып жатыр. Осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин түсініктеме берді.

Баспасөз мәслихатында журналист өткен жылғы түбіртектерін көрсетіп, азық-түлік құнының айтарлықтай артқанын атап өтті. Ол биліктің бағаны тұрақтандыру туралы уәделерін еске салды.

Министр өз сөзінде инфляцияның макроэкономикалық себептерін түсіндіріп, баға өсімін тек қосылған құн салығымен байланыстыру дұрыс еместігін айтты.

Азық-түлік бағасының қымбаттауын тек ҚҚС-пен түсіндіру қате. Біз барлық өнімді өзіміз өндірмейміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша сұраныстың 70–90 пайызын ғана жаба аламыз. Ал басқа тауарлар әлемдік нарықтағы бағаға тәуелді, – деді ол.

Министрдің айтуынша, әлемдік нарықта баға жоғары болған кезде қазақстандық өнім шетелге тиімді сатылады. Егер мемлекет ішкі нарықты қамтамасыз етуді сұраса, өндірушілер экспорттан түсетін табыстың орнын толтыру үшін ел ішіндегі бағаны көтеруге мәжбүр болады.

Сондай-ақ ол бизнеске қатаң шектеу қою мүмкін еместігін жеткізді. Егер ауыл шаруашылығы табыс әкелмесе, кәсіпкерлердің қызығушылығы төмендеп, салаға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижесіз болуы ықтимал.

Жұманғарин көрші елдердегі инфляция да әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, қаңтар қорытындысында Қазақстанда азық-түлік инфляциясы 0,8 пайыз болса, Ресейде 2 пайыз болған. Қазақстан өнімнің едәуір бөлігін сырттан, соның ішінде Ресейден импорттайды, сондықтан импорттық инфляция ықпал етеді.

Барлық кінәні ҚҚС-тың 4 пайызға өсуіне арта беруге болмайды. Бұл – көп факторлы процесс, әр жағдайды жеке қарастыру қажет, – деді министр.

Оның пікірінше, баға тұрақтылығына қол жеткізудің негізгі жолы – отандық өндірісті күшейтіп, ішкі нарықты өз өнімімізбен толық қамту. Министр Үкімет осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

Сәйкес жаңалықтар

Халық әртістерінің әрекеті әлеуметтік желіде талқыға түсті

bairakkz

«ОЛИМПИАДА – 2020»: СЕГІЗ ЖОЛДАМА АЛДЫҚ

bairakkz

Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне арналған бокс турнирі мәресіне жетті

Ришат