Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Басты ақпаратЖаңалықтар

Ұзақ мерзімді негіз: әртараптандыру және инфрақұрылым экономиканы қалай нығайтады

zolotoy-zapas.ru

Экономикада болып жатқан ауқымды жүйелі өзгерістер мынадай оң үрдістермен қатар жүреді: жан басына шаққандағы шикізаттық емес ЖІӨ-нің өсуі, экспорттық жеткізілімдер географиясының кеңеюі және инфрақұрылымда ұзақ мерзімді негіздің қалыптасуы.

Бұл қадамдар экономикаға бірден әсер етпейді, бірақ құбылмалы жаһандық жағдайда оның тұрақтылығын арттырады және болашақта жүйелі дамуға жағдай жасайды.

 Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуі (тау-кен секторын қоспағанда). Тау-кен өнеркәсібін қоспағанда кейінгі 10 жылда жан басына шаққандағы ЖІӨ 2016 жылғы 6,7 мыңнан 2025 жылы 13,2 мыңға дейін екі есе өсті.  Бұл ретте жан басына шаққандағы жалпы ЖІӨ-дегі шикізаттық емес ЖІӨ үлесі 2010 жылғы 80,5%-тен 2025 жылы 88,1%-ке дейін өсті.

Бұл қарқын экономикадағы шикізат секторы рөлінің біртіндеп төмендеуін көрсетеді және экономикалық өсудің азаматтардың көп бөлігі жұмыс істейтін және өсуден әсерді үй шаруашылықтары көбірек сезінетін секторларға біртіндеп ауысуын байқатады.

 Экспорттық жеткізілім географиясын әртараптандыру. Кейінгі жылдары Қазақстанда экспорттық ағындардың жаңа нарықтардың пайдасына қайта бөлінуі байқалады, бұл жекелеген елдерге тәуелділікті азайтады.

Мысалы, тазартылған мыс пен мыс қорытпаларының экспорты 2024 жылы 478,7 мың тоннаны құрап, 2020 жылғы деңгейге оралды. Бұл ретте Түркияның үлесі 2020 жылғы 81,5 мың тоннадан 2024 жылы 156,3 мың тоннаға дейін өсті, ал Қытайға жеткізілімдер басым болып қалды (311,9 мың тонна).

Аграрлық секторда бидай экспорты 2024 жылы 5,9 млн тоннаны құрады. Қытайға жеткізілім 2020 жылғы 244 мың тоннадан 579 мың тоннаға дейін өсті, бұл ретте Орталық Азия елдеріне, ең алдымен Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттың үлкен көлемі сақталады.

Жеткізу географиясының кеңеюі экономиканың жекелеген нарықтарға тәуелділігін төмендетеді, экспорттық кірістің тұрақтылығын арттырады және көлік пен логистикалық инфрақұрылымға қосымша сұранысты қалыптастырады.

 Инфрақұрылым болашақ негізі ретінде. Кейінгі жылдары Қазақстанда көлік-логистикалық, энергетикалық, цифрлық және өзге де инфрақұрылымды дамыту бойынша жобалар белсенді түрде іске асырылады. Бұл темір жолдар мен автомобиль жолдарын салу және жөндеу, электр желілері мен электр станцияларын жаңғырту, Каспийдегі теңіз порттарының өткізу қабілетін арттыру, әуежайларды жаңғырту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және басқа да бастамалар.

Аумағы үлкен және халық тығыздығы төмен ел үшін мұндай инфрақұрылымды дамыту аса маңызды. Зауыттар салу немесе өндірісті дамытуды жоспарлап отырған инвесторлар сапалы жолдар, тұрақты энергиямен жабдықтау және бизнесті басқаруға арналған цифрлық қызметтер сияқты негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге назар аударады. Бұл шығындарды азайтады және инвестициялық тартымдылықты арттырады.

Инфрақұрылымдық жобалардың әсері біртіндеп көрінеді және нақты экономикалық жобалар үшін жаңа мүмкіндіктердің қаншалықты қолданылатынына байланысты болады. Экономиканың жедел өсуіне кепілдік берілмейді, бірақ шикізаттық емес секторлардың тұрақты дамуы үшін ұзақ мерзімді жағдай жасалады.

 

Рамазан Есенғазиев,

Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының аға сарапшысы

Сәйкес жаңалықтар

Ласло Кляйнхайслер «Осиекке» ауысты

bairakkz

Талғардағы психиатриялық ауруханада атышулы қылмыскерлер емделіп жатыр – депутаттар Үкіметке дабыл қақты

bairakkz

Димаш Құдайберген Дубайда беделді марапатқа ие болды

bairakkz