Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
АймақӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Жамбылда әкімге сұрақ қойған депутат мандатынан айырылды

Коллаж: Дамир Ташқараев/ Ербол Қарашөкеев

Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Дамир Ташқараев өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөлгені үшін өз мандатынан айырылуын заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, бұл шешім өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөлгенінен кейін қабылданған.

Экс-депутаттың мәлімдеуінше, мәслихат отырысы барысында ол әкімнің баяндамасын тоқтатып, нақты мәселеге көшуді сұраған. Атап айтқанда, Тараз қаласына жаңадан қосылған елді мекендерде жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат беру мәселесін көтерген. Алайда бұл сұраққа облыс әкімі емес, қала басшысы жауап берген. Кейін әріптестері оның әрекетін «хайп» деп бағалаған.

16 сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ташқараев бұл жағдайдан кейін өзіне қатысты шешімдер әділетсіз қабылданғанын айтты.

Оның адвокаты Ербол Қанафиннің сөзінше, депутатты партиядан шығару кезінде бірқатар рәсімдер сақталмаған. Мәселен, мәслихат төрағасы Нұрәлиев пен депутат Фарида Жүнісова отырысқа қатыспағанымен, кейін бюро деңгейінде баға беруді талап еткен. Заңгердің пікірінше, Ташқараевқа қолданылған шараның негізгі себебі – әкімге қойылған сұрақ.

Аманат партиясының облыстық филиалы 28 наурызда оған WhatsApp арқылы хабарлама жолдап, мәслихат регламентін бұзғанын алға тартқан.

Алайда Ташқараев өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Оған Шақорық ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысының тоқтап қалуына қатысы бар және дөрекілік танытты деген кінә тағылған. Бірақ ол мектеп құрылысы Үкімет қаулысы мен Оқу-ағарту министрлігінің шешімі негізінде тоқтатылғанын, ал өзінің дөрекілік танытқаны дәлелденбегенін айтады.

Бұрынғы депутат алдағы уақытта бұл мәселелерді ашық көтеріп, мандаты мен партия мүшелігін қалпына келтіруге ниетті екенін жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының мәртебесін арттыру керектігін бірнеше рет айтты. Сонда Жамбыл облысы бөлек мемлекет пе? Біз Президент пен партия саясатына қарсы жұмыс істеп отырмыз ба? – деді ол.

Сәйкес жаңалықтар

Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді

bairakkz

АЛТЫН ЖАУҒАН АЙ БОЛДЫ

bairakkz

Көйлектерімді өртеп жіберемін – Мәдина Сәдуақасова

bairakkz