Алматыда электрсамокаттың қатысуымен болған оқиға қоғамда қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді. Қала тұрғынының айтуынша, ол жоғары жылдамдықпен келе жатқан самокаттың соққысынан зардап шеккен.
Жәбірленуші бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның сөзінше, оқиға 14 сәуір күні Төле би көшесінде болған. Қатты соққы салдарынан ол бірнеше метрге ұшып кеткен.
Соққыдан кейін үш метрге дейін ұшып кеттім. Бір аяқ киімім бір жақта, телефоным бір жақта қалды. iPhone-ның экраны да сынған. Ең өкініштісі – жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған, – дейді ол.
Оқиға куәгерлері зардап шеккен қызға көмектесіп, жедел жәрдем мен полиция шақырған. Олардың айтуынша, самокатта екі адам болған және олар жоғары жылдамдықпен қозғалған.
Қыздың айтуынша, полицияға арыз жазылғанымен, іс әлі нақты нәтиже бермей отыр. Құқық қорғау органдары күдіктінің кәмелетке толған-толмағанын анықтап жатыр.
Жәбірленуші қалада электрсамокаттарға қатысты реттеу жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл көлік түрі барған сайын қауіпті бола түсуде.
Ең ауыр тигені – соққы емес, мені жолда қалдырып кеткені. Тіпті жануарды қағып кетсе де тоқтайды ғой. Ал мұнда адамға көмектеспей кетіп қалды, – дейді ол.
Сондай-ақ ол қаладағы негізгі көшелерде самокаттарға арналған арнайы инфрақұрылымның жоқтығына назар аударды. Оның айтуынша, самокаттар тротуармен жүруге мәжбүр, ал ол жерде жаяу жүргіншілер көп.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта самокат жүргізушісінің жеке басын анықтау үшін бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, кикшеринг компанияларына сұрау жіберілген.
Ведомство өкілдері мұндай істердің бақылаусыз қалмайтынын айтып, кінәлі тұлғаны анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, қалада бұған дейін де самокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Соңғы профилактикалық шаралар барысында мыңдаған құқықбұзушылық анықталып, жүздеген самокат айыппұл тұрағына қойылған.
