Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасын Мәжілістің күн тәртібіне енгізіп, депутаттармен бірге талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, құжат қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл ұсынысты дауысқа салды. Нәтижесінде 92 депутаттың 90-ы қолдап дауыс беріп, екеуі қалыс қалды.
Күн тәртібіндегі жоспарлы мәселелер қаралғаннан кейін Ермұрат Бапи сөз алып, шамамен 10 минут бойы баяндама жасады. Ол қоғамдағы пікірталастардан хабардар екенін айтып, ұсынылып отырған Конституция жобасын қолдайтынын білдірді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Конституция жобасын елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған құжат ретінде қарастыру қажет. Сондай-ақ ол қоғамды ішкі текетіреске емес, салауатты диалогқа шақырды.
Бапи тіл мәселесіне де тоқталып, оны қақтығыс құралына айналдырмау керектігін айтты. Оның пікірінше, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлік – ел дамуының басты кепілі.
«Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта «басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті. Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу – естінің ісі болмайды», — дейді Ермұрат Бапи.
Сөз барысында депутат Қызылордада өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан патриотизм туралы пікірін еске салды. Президент өз сөзінде ел мүддесін желеу етіп, қоғамды дүрліктіретін әрекеттерге жол бермеу керектігін атап өткен болатын.
Сонымен қатар Ермұрат Бапи Конституция жобасының 48-бабына қатысты қоғамда айтылып жүрген алаңдаушылықтарға тоқталып, экс-президенттің отбасы мүшелеріне билікке қайта келу мүмкіндігі берілмейді деген нормалар 2022 жылы заңмен бекітілгенін айтты.
Депутат жаңа Конституция жобасын талқылауда байыптылық пен жауапкершілік қажет екенін жеткізді.
